Accessibility links

Пәкістанда ойыншық қаруға қарсы акция өтпек


Ойыншық қару ұстаған босқындар лагеріндегі бала. Пәкістан, 19 тамыз 2012 жыл.

Ойыншық қару ұстаған босқындар лагеріндегі бала. Пәкістан, 19 тамыз 2012 жыл.

Пәкістандық белсенділер Ораза айт мейрамында ойыншық қаруларға қарсы акция өткізбек. Олардың бұл бастамасын ойыншық сататын дүкендер де қолдап отыр.

Ойыншық қару адам өлтірмейді. Дегенмен пәкістандық белсенділер «Калашников» пен «Глок» автоматтарының ойыншық үлгілерінің дүкендерде сатылуына тосқауыл қойып көрмек. Олардың ойынша, «бұл ойыншықтар балаларды зорлық-зомбылыққа тәрбиелейді».

ОРАЗА АЙТТАҒЫ БЕЙБІТ АКЦИЯ

Белсенді топ бұл кампанияны Рамазан айының соңындағы айт мерекесіне орайластырып отыр. Олар «мереке кезінде үлкендер берген ақшаға балалар қару сатып алмасын» деген үндеу жасады.

Үкіметтік емес ұйым өкілдері, ақындар мен әншілер, бейбітшілікті насихаттайтын белсенділер бұл акцияларын көшеде жүріп насихаттайды. Олар үкіметке петиция тапсырып, ата-аналар мен дүкен қожайындарын үгіттеп, мереке кезінде қыза түсетін «ойыншық қару саудасын» тежегісі келеді.

Елдің солтүстік-батысындағы Хайбер-Пахтунхва провинциясында тұратын белсенді Сана Ижаз ойыншық қарудан келетін қауіпті былай түсіндіреді:

- Қаршадай кезінен балаларды қаруға үйретсек, олар өсе келе экстремистердің арбауына тез көнетін болады. Экстремистер оларды теракт жасауға немесе басқа зорлық-зомбылықтарға баулуы мүмкін. Ойыншық тапаншаларға әуес балалар өскенде қару қолдануға бейім тұруы ықтимал.

ЕКІ ТҮРЛІ КӨЗҚАРАС

Бала кезде ойыншық қаруға құмар болу мен ересек адамның күш көрсетуге бейім болуы арасында байланыс бар ма, жоқ па - ешкім төрелік айтқан емес. Әлемнің әр түкпіріндегі мамандардың пікірі де әр алуан. Мәселен, бір ғалымдар «екі құбылыстың арасында ешқандай байланыс жоқ» десе, енді бір зерттеушілер «байланыс бар» дейді.

Көптеген зерттеулерді түйіндей келе, адам санасындағы қатігездіктің біртіндеп қалыптасатынын, зорлық-зомбылыққа толы бейне-ойындар мен фильмдердегі қатыгез әрекеттердің адамды жауыздыққа үйрететінін байқауға болады.

Усама бен Ладен қаза тапқан үйдің қасында ойыншық қарулармен ойнап жүрген балалар. Пәкістан, 7 мамыр 2011 жыл.

Усама бен Ладен қаза тапқан үйдің қасында ойыншық қарулармен ойнап жүрген балалар. Пәкістан, 7 мамыр 2011 жыл.


АҚШ пен басқа елдерде бейбіт ойындар мен ойыншықтарды қолдап, дамытатын топтар пайда болды.

Алайда ойыншық қарулар мен адам мінезінен байланыс көрмейтіндер де бар. Мәселен, 2007 жылы британдық билік өкілдері мектеп пен балабақша иелеріне ұлдардың ойыншық қарумен ойнауына тыйым салмау керектігі туралы кеңес берді. Шенеуніктердің пікірінше, «Бұл олардың толыққанды дамуына ықпал етеді». Бірақ пәкістандық белсенділердің бұл мәселеге қатысты пікірлері өзгермейді. Олар «бейбіт қоғамның негізі ерте жастан қалыптасады» деп ойлайды.

Кампанияны ұйымдастырушылардың бірі, әнші Амджад Шахзад:

- Барлық ғимараттың алдымен жобасы жасалып, іргетасы құйылады. Егер біздің балалардың тәрбиесін күш көрсетуге арналған қарулар арқылы қалыптастырсақ, олар зорлық-зомбылыққа бейім болып өсуі мүмкін. Балалардың білім алуына көмектесетін, ағартушылық мақсаттағы ойындар мен ойыншықтар қажет, - дейді.

Оның бұл көзқарасын 1000 шақырым қашықтықта орналасқан Пәкістанның ірі қаласы - Карачи тұрғыны Мұхаммед Аршад Хан да қолдайды. Ол - «Raana Development Trust» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі. Аршад Ханның айтуынша, ұйым еріктілері баннерлер мен плакаттар көтеріп шығып, мектеп, мешіт және қоғамдық жерлерде үгіт-насихат жасайды.

Еріктілердің бірі Жанан Бунер (Janan Buneree) қалада сауда айналымы 2 миллион АҚШ долларына жеткен ойыншық дүкендері бар екенін, дүкен қожайындарының олардың сөздерін мақұл көргенін айтады.

- Басында дүкен иелері біздің сөзімізге күлді. Дегенмен шындап келгенде, біздің еңбегімізді бағалап, егер адамдарды ойыншық қарудан бас тартуға үгіттей алсаңдар, оларды сөреден алып тастаймыз деді, - дейді ол.

«ҚОҒАМДЫҚ КӨЗҚАРАСТЫ ӨЗГЕРТУ ҚАЖЕТ»

Алайда пешаварлық әлеуметтанушы Хадим Хусейн бұл көзқарасты құптамайды. Оның пікірінше, «Ойыншық тапаншалармен ғана күресетін кампанияның пайдасы шамалы».

- Олар кампанияның аясын кеңейтіп, осы аймақта қолданылатын нақты қару туралы сөз етулері керек. Одан да маңыздысы – ауданды қару базарына айналдырғандарға қарсы тұру. Осы бағытта жұмыс істелуі керек. Әйтпесе белсенділердің бұл істерін адамдар қолдауы қолдайды, бірақ шара нақты мақсатына жетпейді, - дейді Хусейн.
Ауғанстан мен Пәкістандағы соғысқа қарсы акция кезінде балалар бейбітшілікті насихаттап тұр. (Көрнекі сурет)

Ауғанстан мен Пәкістандағы соғысқа қарсы акция кезінде балалар бейбітшілікті насихаттап тұр. (Көрнекі сурет)


Пешавар қаласы маңындағы Абдул Вали Хан университетінің оқытушысы Рахам Заид те осыған ұқсас пікір айтты.

- Бұл жердегі негізгі мәселе шын қару мен зорлық-зомбылықты әлеуметтік тұрғыда мансұқтау, сөгу болуы керек. Қару ұстап жүрген кісі көп. Қоғам қатыгез әрекеттерге бой үйретіп алды, - дейді ол.

Ал әнші Шахзад «Қазіргі зорлық-зомбылықты тоқтата алмаймыз. Бірақ болашақ ұрпақты осындай сұмдықтан сақтап қалу жолында күресу керек» дейді. Сондықтан ол ұлттық парламент алдында қарсылық акциясын өткізіп, Пекиннен Пәкістанға келетін ойыншық қаруларды шектеу үшін Қытай елшілігіне хат жазбақ.

Әбубәкір Сыддықтың мақаласын аударған – Динара Әлімжан
XS
SM
MD
LG