Accessibility links

Алматыда пойыз соқтығысып, 8 адам жарақаттанды


Жолаушылар пойызы. Көрнекі сурет.

Жолаушылар пойызы. Көрнекі сурет.

Алматыдағы "Алматы-1" теміржол вокзалында жолаушылар пойызы мен оны сүйрейтін электровоз соқтығысып, 8 адам жарақаттанды деп хабарлайды ҚазТАГ агенттігі.

Жетісу транспорттық прокуратурасының ақпаратына қарағанда, 6 тамыз күні кешке қарай электровоз "Алматы-Қарағанды" бағытында қатынайтын пойыз вагондарымен соқтығысқан. Оқиға пойызға жолаушылар мініп жатқан кезде болған.

Алдын-ала деректерге қарағанда, соқтығысуға электровоз тежегішінің істен шығуы себеп болған. 8 адам түрлі жарақат алып, оның төртеуі ауруханаға түскен.

Прокуратураның хабарлауынша, электровоз Қытайда жасалған. Қазір көлік құралы тежегішінің не себепті істен шыққанын анықтау үшін мамандар тексеруіне жіберіліп, оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Соңғы уақытта Қазақстанда теміржол апаттары жиіледі. Шілде айының өзінде төрт бірдей оқыс оқиға болды.

Алматыда 29 шілде күні екі жолаушылар пойызы соқтығысып, 50-ге жуық адам жарақат алды. Ал Оңтүстік Қазақстан облысында ер адам пойыз астына түсіп, опат болды. Жамбыл облысында пойыз бен автокөлік соқтығысып, үш адам қаза тапты. Жамбыл облысында электровоз бен тепловоз соқтығысты.

Азаттық радиосы 2013 жылдың қаңтар-шілде айларының арасында болған теміржол апаттарының хронологиясын жариялаған еді.
XS
SM
MD
LG