Accessibility links

Роухани: Иран ядролық келіссөзге дайын


Иран президенті Хассан Роухани баспасөз жиынында сөйлеп тұр. Тегеран, 6 тамыз 2013 жыл
Иран президенті Хассан Роухани баспасөз жиынында сөйлеп тұр. Тегеран, 6 тамыз 2013 жыл
Иран президенті Хассан Роуханидің айтуынша, Тегеран ядролық бағдарламасына қатысты Батыс елдерімен шындап келіссөздер жүргізуге дайын.

Президент ретінде алғаш өткізген баспасөз жиынында ол Батыс елдерімен арадағы келіспеушіліктер "барлық тараптың саяси ерік-жігері болған жағдайда шешілуі мүмкін" екенін айтты. Оның ойынша, конструктивтік диалог барлық тарапқа да тиімді болуы мүмкін.

Жаңадан сайланған Хассан Роухани Вашингтон Тегеранға әзірге "түрлі дабылдар" жібергенін, ал Иранға қарсы жаңа санкциялардың "пайдасыз екенін" айтты.

Роуханидің айтуынша, тығырықтан қоқан-лоқы мен санкциялар емес, дипломатия ғана алып шыға алады. Ол бұған қоса президент сайлауында ирандықтар өздерінің "әлеммен лайықты диалог орнату ниеті барын" көрсеткенін айтады.

Халықаралық қауымдастық Иранның ядролық бағдарламасына байланысты "Тегеран ядролық қару жасауға ұмтылады" деп алаңдайды. Тегеран өкілдері бұл бағдарлама халықаралық атом агенттігі бақылауында екендігін, тек бейбіт мақсатты көздейтінін айтады.
XS
SM
MD
LG