Accessibility links

Әблязовқа қарсы тағы 8 қылмыстық іс қозғалды


Мұхтар Әблязов, оппозициялық саясаткер
Мұхтар Әблязов, оппозициялық саясаткер
Қазақстанның қаржы полициясы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовқа қарсы тағы сегіз қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы бүгін өткен брифингте қаржы полициясының ресми өкілі Мұрат Жұманбай хабарлады.

Қаржы полициясының жедел тергеу тобы «БТА банк» қаржысын жымқыру фактісі бойынша Әблязовтың және банктің бұрынғы басшыларының үстінен "оффшорлық компанияларға әдейі қайтарымсыз несие беріп, банкке 317 миллион АҚШ доллары көлемінде шығын келтіру" фактісімен тағы сегіз қылмыстық іс қозғады" деді Мұрат Жұманбай.

2005-2009 жылдары «БТА банк» директорлар кеңесінің төрағасы болған Мұхтар Әблязов 2009 жылы банк мемлекет меншігіне өткен соң шетелге шығып кетіп, Лондонға қоныстанған. Ұлыбритания оған 2011 жылы саяси баспана берген еді.

Қазақстан үкіметі Әблязовты 5 миллиардқа жуық АҚШ долларын жымқырды деп айыптап, ұлыбританиялық сотқа жүгінген.

Мұхтар Әблязовқа қарсы Ресейдің заң орындары да қылмыстық іс қозғап, 2010 жылы Мәскеу соты оны тұтқынға алу туралы сырттай үкім еткен.

2012 жылғы ақпанда Лондон соты Мұхтар Әблязовты «сотты құрметтемегені» үшін 22 айға қамауға алып, активтерін құрсаулауға үкім еткен еді. Онымен келіспеген Әблязов 2012 жылы наурызда апелляциялық шағым жазған. 2012 жылы қараша айында Ұлыбританияның апелляциялық соты ақпанда шығарылған шешімді күшінде қалдырған. Алайда Әблязов Ұлыбританиядан жасырын кетіп қалып, оның кейінгі уақытта қайда жүргені белгісіз болып келді.

Мұхтар Әблязов өзіне қатысты қозғалған істердің саяси астары бар деп санайды. Бұрынғы банкир Әблязов Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сынаушылардың бірі ретінде танылды.

2013 жылы 31 шілдеде Мұхтар Әблязовты Францияның Муан-Сарту қаласында осы елдің қауіпсіздік күштері ұстады. Франция прокуратурасы Мұхтар Әблязовты ұстау туралы өтінішті Украина бергенін айтты. Әзірге Әблязовты Францияның қай елге депортациялайтыны туралы ақпарат жоқ. Қазақстандағы кейбір азаматтық белсенділер Франция елшілігіне Әблязовты Қазақстанға депортацияламау туралы үндеулер жасап, петиция тапсырды.

Бас прокуратура 6 тамызда Қазақстанның Франциядан Әблязовті экстрадициялауды сұрағанын хабарлады.
XS
SM
MD
LG