Accessibility links

ЕО Козловтың үкімі қайта қаралмағанына "реніш білдірді"


Майкл Манн, ЕО сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы комиссары Кэтрин Эштонның ресми өкілі.

Майкл Манн, ЕО сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы комиссары Кэтрин Эштонның ресми өкілі.

Еуропа Одағы (ЕО) Қазақстан жоғарғы сотының оппозициялық саясаткер Владимир Козловқа шыққан сот үкімін қайта қараудан бас тартып, қадағалау ісін қозғамау туралы шешіміне "реніш білдіреді". Бұл туралы ЕО сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы комиссары Кэтрин Эштонның өкілі Майкл Маннға сілтеме жасаған "Интерфакс" агенттігі хабарлады.

"Өзге халықаралық бақылаушылармен қатар ЕО делегациясы да сотқа қатысып, қорғаушылардың өтінішіне қатысты кейбір процедуралық кемшіліктер болғанын айтты" деген Майкл Манн.

Оның сөзіне қарағанда, ЕО Козловтың ісіне қатысты жағдайды бақылауда ұстайды және оның Қазақстанның адам құқықтары саласындағы Ұлттық іс-қимыл жоспарына сай жағдай жасалуы керегіне назар аударады.

Маңғыстау облыстық ауданаралық қылмыстық соты 2012 жылы 8 қазанда тіркелмеген "Алға" партиясының жетекшісі Владимир Козловты 7 жыл 6 айға соттап, мүлкін тәркілеуге үкім шығарған. Оған "әлеуметтік араздықты қоздырды", "конституциялық құрылымды күшпен өзгертуге шақырды", "ұйымдасқан қылмыстық топ құрды" деген айыптар тағылған еді.

5 тамызда Қазақстан жоғарғы соты Козловтың адвокаттарының істі қайта қарау және қадағалау ісін ашу туралы өтінішін қанағаттандырмады.
XS
SM
MD
LG