Accessibility links

"Әблязовты қайтарайық" коалициясы құрылды


Сәуле Толғанбаева, "Азаматтық альянс" бірлестігінің президенті. Алматы, 7 тамыз 2013 жыл.

Сәуле Толғанбаева, "Азаматтық альянс" бірлестігінің президенті. Алматы, 7 тамыз 2013 жыл.

Алматыда ондаған үкіметтік емес ұйым "Әблязовты қайтарайық" деген коалиция құрды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Коалицияны "Азаматтық альянс" бірлестігінің басшысы Сәуле Толғанбаева, ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат Әбдішүкіров және басқалары құрған.

Коалицияға кірген ұйымдар мақсаттары - оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовты Франциядан Қазақстанға қайтару екенін айтады. Коалиция "Әблязов Қазақстанда жазаға тартылуы тиіс" дейді.

2005-2009 жылдары «БТА банк» директорлар кеңесінің төрағасы болған Мұхтар Әблязов 2009 жылы банк мемлекет меншігіне өткен соң шетелге шығып кетіп, Лондонға қоныстанған. Ұлыбритания оған 2011 жылы саяси баспана берген еді.

Қазақстан үкіметі Әблязовты 5 миллиардқа жуық АҚШ долларын жымқырды деп айыптап, ұлыбританиялық сотқа жүгінген.

Мұхтар Әблязов өзіне қатысты қозғалған істердің саяси астары бар деп санайды. Бұрынғы банкир Әблязов Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сынаушылардың бірі ретінде танылды.

2013 жылы 31 шілдеде Мұхтар Әблязовты Францияның Муан-Сарту қаласында осы елдің қауіпсіздік күштері ұстады.

Франция прокуратурасы Мұхтар Әблязовты ұстау туралы өтінішті Украина бергенін айтты. Әзірге оны Францияның қай елге депортациялайтыны туралы ақпарат жоқ.

Қазақстан бас прокуратурасы 6 тамызда Франциядан Әблязовты экстрадициялауды сұрағанын хабарлады.

Қазақстандағы кейбір азаматтық белсенділер Франция елшілігіне Әблязовты Қазақстанға депортацияламау туралы үндеулер жасап, петиция тапсырған.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG