Accessibility links

Обама Ораза айтымен құттықтады


АҚШ президенті Барак Обама мен оның жұбайы Мишель Обама. Вашингтон, 20 қаңтар 2013 жыл
АҚШ президенті Барак Обама мен оның жұбайы Мишель Обама. Вашингтон, 20 қаңтар 2013 жыл
АҚШ президенті Барак Обама АҚШ пен әлем мұсылмандарын Ораза айты мерекесімен құттықтады.

Ол жұбайы Мишель Обама екеуінің атынан жазылған құттықтауда "Өткен айда мұсылмандар ораза ұстап, құлшылық қылу арқылы өз сенімдерін нығайтты. Биыл Ақ үйде болған ауызашарда мен еліміздің демократиясын көркейтіп, экономикасын нығайтуға үлес қосқан америкалық мұсылмандармен бірге болғанымды мақтан тұтамын" деді.

АҚШ басшысы оразаның игі істер жасап, қамкөңіл жандардың қайғы-мұңын бөлісуге үндейтінін айтады. "Ораза бізде жасалған жақсылықтарға шүкіршілік айтып, бақытсыздыққа ұшырағандардың, оның ішінде үй-күйінен айырылып, ораза ұстаған миллиондаған сириялықтардың мұң-мұқтажына ортақтасуға шақырады. Ораза айтында АҚШ мұқтаж сириялықтарға көмек ретінде құны 195 миллион АҚШ доллары болатын азық-түлік пен басқа да гуманитарлық көмек көрсетіп жатыр. Осылайша біздің дағдарыс басталғалы бері сириялықтарға көрсеткен гуманитарлық көмегіміз 1 миллиард АҚШ долларына жетті" деді Барак Обама.

Оның сөзіне қарағанда, көптеген америкалықтар үшін Ораза айты - АҚШ-тағы мерекелердің ең маңыздыларының бірі.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Қазақстан мұсылмандарын Ораза айт мерекесімен құттықтады. Ол Қазақстан сыртқы істер министрлігіне жолдаған хатында екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жалғасуына сенім білдіріп, Қазақстан халқына Ораза айт мерекесін жақсы атап өтуіне тілектестік білдірген.
XS
SM
MD
LG