Accessibility links

Ресейдегі мигранттың күнкөрісі қиындады


Полицей Гольяново лагеріндегі мигранттарды күзетіп тұр. Мәскеу, 5 тамыз 2013 жыл.
Полицей Гольяново лагеріндегі мигранттарды күзетіп тұр. Мәскеу, 5 тамыз 2013 жыл.

Ресейде жүздеген мигрант тағы тұтқындалды. Өзбек, тәжік, қырғыз жұмысшылар Азаттыққа полицияның ұрып-соғып, аш ұстағанын, ақша бопсалағанын айтты.

Өзбекстаннан келген 44 жастағы еңбек мигранты Хусанжонды тамыздың 4-інде Мәскеудің оңтүстік-батысындағы Хованский базарында сауда жасап отырған жерінен ОМОН қызметкерлері ұстап, жергілікті полицияға тапсырды.

МИГРАНТТЫ АЗАПТАУ

Оның айтуынша, бір топ мигрантты қапырық гаражға кіргізіп, ұрып-соққан. Содан бері Хусанжон полиция бөлімшесінде тұтқында отыр. Азаттықтың Өзбек қызметіне телефон арқылы сұхбат берген ол «жағдайдың күннен-күнге қиындап бара жатқанын, полиция қызметкері басынан сойылмен ұрған бір мигранттың ауыр жарақат алғанын» айтты.

- Қазір біз Щербинкадағы (Мәскеу облысы) полиция бөлімшесінде отырмыз. Үш күн бойы нәр татпадық, тақыр еденге ұйықтадық. Жедел жәрдем қызметіне мұқтаж жандар да бар. Бізді бірнеше полиция бөлімшесіне апарып, әлдебір қағаздарға қол қойғызды. Бір жігіт қатты жараланды, халі нашарлап барады. Бізді себепсіз ұрып-соқты. 29 адам ұсталдық. Бәрімізді сот тергеді. Егер кетуге рұқсат берсе, бірден Өзбекстанға билет сатып алып кетеміз, - дейді Хусанжон.

Красноярск қаласында ұсталған мигрант полиция көлігінің терезесінен қарап отыр. Ресей, 7 тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Красноярск қаласында ұсталған мигрант полиция көлігінің терезесінен қарап отыр. Ресей, 7 тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Бұндай жағдай Ресейдің барлық аймақтарында болып жатыр. Елді заңсыз мигранттардан тазартуға арналған шара барысында бір апта ішінде Мәскеудің барлық базары тексерілді.

Ресей федералдық миграция қызметі елдегі 10 миллион шетелдік жұмысшыға қатысты заңды қатайтуға шақырды. Олардың айтуынша, мигранттардың көбі Ресейде заңсыз жұмыс істейді. Жүздеген мигрантты депортациялау басталды, оған жергілікті ресейліктердің қуанатыны анық.

ВЦИОМ зерттеу орталығының сауалнамасына сүйенсек, «ресейліктердің төрттен үші шетелдік жұмысшыларға, соның ішінде славяндық нәсілге жатпайтын адамдарға сенімсіздікпен қарайды». Ал бұл жолғы «тазалау» шарасы Орталық Азия мигранттары мен олардың табысына күн көріп отырған отбасыларын шошытты.

БӨГДЕЛЕРДЕН ҚҰТЫЛУ ӘДІСІ

Екі баланың анасы, тәжік әйел София Файзуллоеваның айтуынша, Мәскеуде жұмыс істейтін күйеуі тексерістен кейін екі апта бойы Гольяново шатыр-лагерінде жатқан.

- Пәтер жалдап тұрамыз, қаржыға мұқтажбыз. Сондықтан жолдасым Ресейге жұмыс істеуге кетті. Екі баламыз көп ауырады. Полиция күйеуімді «10 күннен соң шығарамыз» деп уәде берген. Бүгін 11 күн болды, әлі қамауда жатыр. "Елге қайт, Тәжікстанда жұмыс істе" дедім, бірақ түрмеден шығармай жатыр, - дейді ол.

Полиция «Гольяновода ұсталғандардың бәрі (көбі вьетнамдықтар – ред.) депортацияланады» деп мәлімдеді. Лагерьде тұрып жатқан әйелдердің бірі Азаттыққа «қамаудағылардың ауа-райынан зардап шеккенін, полицияның өте аз тамақ беретінін» айтты.

Қарбыз сатушы мигранттарды тұтқындау сәті. Ресей, 7 тамыз 2013 жыл.
Қарбыз сатушы мигранттарды тұтқындау сәті. Ресей, 7 тамыз 2013 жыл.
Жаппай тексеріс дағыстандық қарбыз сатушы саудагерлер Мәскеу полициясына шабуыл жасағаннан кейін басталған еді. Бірақ белсенділер полицияның мигранттарды жазықсыз жазалап жатқанын, олар еркіндікте жүруі үшін мигранттардан ірі көлемде пара алып келгенін айтады.

Тұтқындалғандар полиция қызметкерлерінің азық-түлік пен қарапайым қажеттіліктерге ақша талап еткендерін мәлімдеді. Өзбек мигранттардың айтуынша, Щербинкаға қамалғандар нан мен суға 15 мың рубль (450 доллар) төлеген. Мәскеуге жақын Мытищи қаласында шілденің соңында қамауда болған тәжік мигранты Махмұд Керімов «бостандыққа шығу үшін 150 АҚШ долларын төлегенін» айтады.

- Базарға қайта оралсам, полиция қызметкерлері бұрынғыдан әлденеше есе көп пара сұрайтын болар. Полиция бізге «сендермен осылай сөйлесу керек» деді. Бұрын оларға бір-екі мың рубль төлеп келсек, енді бес мың сұрайды, - дейді ол.

Ресей еңбек миграциясы саясатында бей-берекет, жүйесіз әрекет бар - бір жағынан, орысша сөйлейтін орталық азиялықтарды жаңа тұрғындар ретінде елге шақырса, екінші жағынан өзбек, тәжік, қырғыздарды сыпырғыш, қалақша, басқа да жұмыс құралы түрінде бейнелеген «Еңбек мигрантының анықтамасын» шығарды.

Алайда миграция мәселесін реттейтін орган өкілдері «Ресей бұл шараны еңбек мигранттарын ауыр бейнеттен құтқару үшін істеп жатыр» дейді.

Мәскеуде тұтқындалған мигранттарға арнап тігілген шатыр-лагерь. 5 тамыз 2013 жыл.
Мәскеуде тұтқындалған мигранттарға арнап тігілген шатыр-лагерь. 5 тамыз 2013 жыл.
Ресей ішкі істер министрлігінің Новосибирскідегі өкілі Антон Сурнин тамыздың 6-сы күні Орталық Азиядан келген 400 мигрантты ұстаған кезде «олардың ішінде қоғамдық тазалыққа сай емес орында өмір сүріп жатқан балалардың да болғанын» айтты.

- Кәмелетке толмаған 12 бала полицияға жеткізілді. Олар қолдан соғылған қорада, малдың қасында тұрған. 10 бала Новосибирскідегі әртүрлі медициналық мекемелерге жіберілді. Медициналық көмек алған соң ата-аналарына қайтарылады. Ал ата-аналарын елдеріне жібереміз, - деді Сурнин.

Ресейдегі жұмыс күшінің жартысы болып отырған Орталық Азия мигранттарының көбі депортациялануы мүмкін. Ал оларды елдерінде кедейлік пен жұмыссыздық күтіп тұр. Сондықтан мигранттың көбі Ресейдің депортациялау орталықтарына түспеуге тырысады. Сондай орталықтың бірінде жатқан қырғыз әйел:

- Күнде күріш пен «Доширак» (ыстық суға қайнатып жейтін кеспе) жейміз. Басында қарақұмық жармасын берген, кейін тек күріш пен кеспе беретін болды. Енді нан мен шай ғана қалды. Ас талғайтын шама жоқ. Бергендерін еріксіз жейміз, - дейді.

Дейзи Синделардың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG