Accessibility links

Обама: АҚШ-тың Ресеймен қатынасын қайта қарау қажет


АҚШ президенті Барак Обама журналистерге сұхбат беріп тұр. Вашингтон, 31 шілде 2013 жыл.

АҚШ президенті Барак Обама журналистерге сұхбат беріп тұр. Вашингтон, 31 шілде 2013 жыл.

Мәскеу тарапынан антиамерикалық сарынның күшеюі АҚШ-тың Ресеймен қарым-қатынасын қайта қарауды қажет етеді. Бұл туралы АҚШ президенті Барак Обама жұма күні баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Екі елдің арасында бұған дейін конструктивті диалогтардың болғанын атап өткен Обама қазіргі уақытта Ресейде "қырғи-қабақ соғысы" кезіндегі таптаурын көзқарас қайта бас көтеріп келе жатқанын айтты.

Обама Владимир Путин Кремльдегі билікке қайта келгелі Ресей президентін "өткенге тартыншақтамай болашаққа қадам басуға" шақырған кейбір үндеулері күткендегідей нәтиже бермегенін айтады. Оның сөзінше, Вашингтон мен Мәскеу арасындағы салқындыққа Ресейден уақытша баспана алған АҚШ арнайы қызметінің бұрынғы агенті Эдвард Снуоденнің мәселесі ғана емес, сонымен бірге бірқатар басқа да жайттар әсер етіп отыр. Солардың арасында Сириядағы азаматтық соғысқа қатысты, адам құқықтары, Ресейдегі гейлерге қарсы қабылданған заң сияқты екі жақтың пікір алшақтығын туғызған мәселелер бар дейді АҚШ президенті.

Бұған дейін Ақ үй президент Барак Обаманың қыркүйек айына жоспарланған Ресейге сапарынан, Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуден бас тартатыны туралы хабарлаған еді.
XS
SM
MD
LG