Accessibility links

Байқоңырдағы Төретам тұрғындары наразылық білдірді


Төретам кенті. Қызылорда облысы, 14 шілде 2013 жыл.

Төретам кенті. Қызылорда облысы, 14 шілде 2013 жыл.

10 тамыз күні Байқоңыр ғарыш айлағындағы Төретам кентінің тұрғындары "Протон-М" зымыран тасығышының апатынан зардап шеккен аймақтағы әлеуметтік жағдайға биліктің көңіл бөлуін талап еткен. Бұл туралы Азаттыққа Төретам тұрғыны Нартай Жүгісінов хабарлады.

- Таңертең ғарыш алаңына апаратын разъезд маңына ондаған адам жиналды. Кейбірі қолдарына жазу ұстап шыққан еді, бірақ ізінше келген полиция ол заңсыз болатынын айтып, жазуды алғызып тастады. Жұрт ауру-сырқау көптігін, жұмыссыздықты, зымыран апатына байланысты әлеуметтік өтемақы төлесін деген талап айтты, - деді ол сенбі күні.

Тұрғынның айтуынша, жиналған жұртқа келген билік өкілдері оларды клубқа баруға көндірген, біраз уақыттан соң сол жерге Қармақшы ауданының әкімі Нәжмадин Шамұратов келген. Ол жұрттың талабын әкімшілікке жазбаша беру туралы ұсыныс айтқан. Осыған келіскен жұрт біраздан соң тараған.

Азаттық тілшісі хабарласқан Қармақшы ауданының әкімдігінің өкілдері Төретамдағы жиын туралы тек әкімнен ғана сұрауға кеңес беріп, оның қызмет орнында жоқ екендігін айтты. Қазақстан ішкі істер министрлігінің өкілі майор Жанкелді Сабырғалиев сенбі күні Төретамда тұрғындар жиналып, зымыран апатына қатысты Ресей тарапына наразылық білдіргенін Азаттыққа растады.

Өткен аптада Байқоңырда зымыран апатынан бері тұңғыш рет Қазақстан вице-премьері Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен мемлекетттік комиссия отырысы өткен еді. Ал 3 тамызда Ресейдің «Роскосмос» ғарыш агенттігінің басшысы Владимир Поповкин Байқоңыр ғарыш айлағында апатқа ұшыраған «Протон-М» зымыран тасығышы құлаған жердің «экологиялық тұрғыдан қауіпсіз» екенін мәлімдеген.

2 шілде күні Байқоңырдан ұша бере апатқа ұшырап, жарылып кеткен ресейлік «Протон-М» зымыран тасығышының апаты салдарынан ғарыш айлағы маңындағы улы отынымен ластанған жер көлемі туралы түрлі пікірлер айтылған еді.
XS
SM
MD
LG