Accessibility links

Израиль еврейлерге арнап мыңдаған қоныс салмақ


Иерусалимнің шығыс бөлігінде еврейлерге арнап салынып жатқан израиль қоныстары. Көрнекі сурет.

Иерусалимнің шығыс бөлігінде еврейлерге арнап салынып жатқан израиль қоныстары. Көрнекі сурет.

Израиль үкіметі Иордан өзенінің батыс жағалауы мен Иерусалимнің шығысында еврей қоныстанушыларына арнап мыңдаған үй салуды жоспарлап отыр. Тель-Авив мұны израильдіктер мен палестиналықтар арасындағы келіссөздердің жаңа кезеңі басталар алдында хабарлады.

Екі ел арасындағы тікелей келіссөздер 2010 жылы Израиль жаңа қоныстар сала бастағанда үзіліп, өткен айда Вашингтонда қайта жалғасқан еді.

Палестиналықтар келіссөздерді қайта бастау үшін жаңа қоныстардың салынуын тоқтатуды ұзақ уақыт талап етіп келген. Бірақ Палестина Израиль ұзақ мерзімді қамауда отырған 100-ден астам палестиналық тұтқынды босатуға уәде берген соң АҚШ-тың арағайындығымен келіссөздер өткізуге келіскен.

Келіссөздердің келесі кезеңі 14 тамызда өтеді.

Израиль 1967 жылы Батыс жағалау мен Шығыс Иерусалимді басып алғаннан бері тұрғызылған ондаған қоныс тұрақтарында жарты милилонға тарта израильдіктер тұрады.
XS
SM
MD
LG