Accessibility links

СІМ: Әблязовты қайтару жайы қаралып жатыр


Мұхтар Әблязов, оппозициялық саясаткер.

Мұхтар Әблязов, оппозициялық саясаткер.

Францияда ұсталған оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязовты экстрадициялау мәселесінің заңдық жағы қаралып жатыр деді Астанадағы брифингте сыртқы істер министрінің (СІМ) орынбасары Қайрат Сарыбай.

"Әблязовты қайтаруды Қазақстан, Украина және Ресей сұрап отыр. Франция әділет орындары барлық факторды есепке алуы тиіс деп сенемін" деді Қайрат Сарыбай.

Оның сөзінше, Мұхтар Әблязовтың әйелі, Қазақстанға депортацияланған Алма Шалабаева кепіл төлеген жағдайда Қазақстаннан шығуға өтініш білдіре алады.

2005-2009 жылдары «БТА банк» директорлар кеңесінің төрағасы болған Мұхтар Әблязов 2009 жылы банк мемлекет меншігіне өткен соң шетелге шығып кетіп, Лондонға қоныстанған. Ұлыбритания оған 2011 жылы саяси баспана берген.

Қазақстан үкіметі Әблязовты 5 миллиардқа жуық АҚШ долларын жымқырды деп айыптап, ұлыбританиялық сотқа жүгінген.

Мұхтар Әблязов өзіне қатысты қозғалған істердің саяси астары бар деп санайды. Бұрынғы банкир Әблязов Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сынаушылардың бірі ретінде танылды.

2013 жылы 31 шілдеде Мұхтар Әблязовты Францияның Муан-Сарту қаласында осы елдің қауіпсіздік күштері ұстады.

Қазақстан 6 тамызда Франциядан Әблязовты қайтаруды сұраған еді.
XS
SM
MD
LG