Accessibility links

Египетте қаза тапқандар саны 578-ге жетті


Қаза тапқандардың денесін мешітке әкеле жатыр. Каир, Египет, 15 тамыз жыл

Қаза тапқандардың денесін мешітке әкеле жатыр. Каир, Египет, 15 тамыз жыл

Египеттің денсаулық сақтау министрлігі елдегі қақтығыстарда қаза тапқандар саны 578 адамға жеткенін хабарлады. Полиция биліктен тайдырылған ел президенті Мұхаммед Мурсидің жақтастарын 14 тамызда күшпен таратуы кезінде үш жарым мыңнан астам адам жараланған.

Мурсидің "Мұсылман бауырлар" партиясының өкілдері "қаза тапқандар саны министрлік дерегінен әлдеқайда көп" дейді.

15 тамызда ішкі істер министрлігі "полиция мемлекеттік мекемелерді кез-келген шабуылдан қорғау үшін оқ ататынын" мәлімдеген. Министрлік бұл ескертуін Мурси жақтастары Каирдегі Газни ауданы әкімдігін басып алып, ғимаратқа өрт қойғаннан кейін жасады.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі бейсенбіде Египеттегі жағдайға байланысты төтенше жиын өткізіп, үкіметті "барынша ұстамды болуға" және "бітімге келуге" шақырды.

3 шілдеде әскерилер Египет президенті Мұхаммед Мурсиді биліктен шеттеткен еді. Мурсидің жақтастары бір жарым айдан бері оның биліктен қуылғанына наразылық танытып, қарсылық акциясын өткізіп жатқан.

Бейсенбіде полицияның әрекетіне наразылық акциялары Александрия мен Бени-Суэйф қалаларында да өтті. Бірақ шерушілер мен полиция қақтығысы болмаған.

Бейсенбіде Мұхаммед Мурсиді қамау мерзімі тағы 30 күнге ұзартылды.

14 тамыздан бері Египетте бір ай мерзімге төтенше жағдай жарияланған.
XS
SM
MD
LG