Accessibility links

Қазақстан: Roshen өнімдерінен зиянды зат табылмады


Roshen компаниясының кәмпиттері. Көрнекі сурет

Roshen компаниясының кәмпиттері. Көрнекі сурет

Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин "украиналық Roshen кондитерлік компаниясының өнімдерінен зиянды зат табылмағанын" мәлімдеді. Бұл жайында 16 тамыз күні "ҚазТАГ" агенттігі хабарлады. Бас санитарлық дәрігердің айтуынша, Қазақстанда Roshen өнімдерін импорттауға тыйым салынбайды.

Өткен аптада Қазақстан Ресейдің тұтынушылар құқығын қорғайтын "Роспотребнадзор" мекемесінің сұрауымен Roshen өнімдерін тексере бастаған.

"Тексеру аяқталды. Алматыда - 55, Астанада 46 кәмпит түрі тексерілді. Микробиологиялық көрсеткіштер бойынша барлығы да талапқа сай келіп тұр" дейді Жандарбек Бекшин.

Қазақстан Roshen кәмпиттерінде зиянды заттардың, соның ішінде канцерогенді бензапиреннің бар-жоғын тексерген.

Бұған дейін "Роспотребнадзор" "Roshen компаниясының сүтті шоколадтарынан адам ағзасына зиянды канцерогенді бензапирен табылды" деп, компания өнімдерін Ресейге импорттауға тыйым салған еді.

Ресейдің тыйымынан соң Молдова, Тәжікстан, Қырғызстан да Roshen өнімдерін тексеріп, "бензапирен табылмады" деп хабарлаған.

Roshen компаниясы өнімдерін ТМД елдеріне, Канада, Германия, Израиль және АҚШ-қа экспорттайды.
XS
SM
MD
LG