Accessibility links

Әкім суреті үшін журналистке айыппұл салынды


Полицейлер «Уральская неделя» газетінің тілшілерінен Батыс Қазақстан облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың фотомакетін тартып алды. Орал, 13 тамыз 2013 жыл.

Полицейлер «Уральская неделя» газетінің тілшілерінен Батыс Қазақстан облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың фотомакетін тартып алды. Орал, 13 тамыз 2013 жыл.

Жұма күні Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік соты жергілікті «Уральская неделя» газетінің тілшісі Талғат Омаровқа Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың фотомакетін көшеге алып шыққаны үшін екі айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 3462 теңге (шамамен 22 доллар) айыппұл салу туралы шешім шығарған. Бұл туралы «Әділ сөз» қоғамдық қоры хабарлады.

Сот журналисті әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 357-бабында қарастырылған («Озбырлық») іс-әрекетке барғаны үшін айыпты деп тапқан. Ал онымен бірге әкімшілік құқық бұзушылық туралы істері қаралған редакция қызметкерлері Тұрар Төлегенов, Рауль Упоров және Михаил Ишутиннен сот түсіндірме алған.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ноғаевтың атынан облыстық әкімшілік сот төрағасына жазылған хатта әкім өз бейнесі бар фотомакетті Орал қаласының көшелеріне алып шығып жұртқа сұрақ қойғандарды «заңға сәйкес жауапқа тартуды» сұраған. «Мен суретімді пайдалануға рұқсат берген жоқпын, олар құқымды бұзып, маған моральдық зиян келтірді» делінген әкімнің хатында.

«Уральская неделя» газетінің жазуынша, істі қараған судья Сариева сот барысын фотоға және видеоға түсіруге, сотта айтылғандарды диктофонға жазуға тыйым салған.

Тамыздың 13-і күні Орал қаласында «Уральская неделя» газетінің тілшілері мен көлік жүргізушісі - Талғат Омаров, Тұрар Төлегенов, Рауль Упоров және Михаил Ишутин Батыс Қазақстан облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың фотомакетін көлікке салып алып, Оралдың біраз орындары мен мекемелерін аралауға шыққанда полиция ұстаған еді.

«Уральская неделя» газетінің редакциясы «Жоспар бойынша әкімнің «макеті» бірнеше кедей отбасына «кіріп», жайсыз жолдармен танысып, наразылық акциясына куә болып, автобуспен орталық базарға дейін барып, соңынан баспасөз конференциясына қатысуы тиіс болған» деп хабарлаған.
XS
SM
MD
LG