Accessibility links

Әблязовты сұратқандар үндеу жасады


Қазақстанға бұрынғы шенеуніктерді Батыстан қайтару мәселесіне арналған жиынды ұйымдастырушылар. Алматы, 19 тамыз 2013 жыл.
Қазақстанға бұрынғы шенеуніктерді Батыстан қайтару мәселесіне арналған жиынды ұйымдастырушылар. Алматы, 19 тамыз 2013 жыл.
Алматыда бірқатар үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері "кейбір бұрынғы қазақстандық шенеуніктерді елге қайтару мәселесіне" арналған жиын өткізді.

"V&S" отбасын дамыту орталығының жетекшісі Магдалина Таксиди, "Молодая гвардия" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Рауан Есеркенов және басқа да үкіметтік емес ұйым (ҮЕҰ) өкілдері халықаралық Human Rights Watch, Amnesty International құқық қорғау ұйымдары мен БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетіне үндеу жасады.

Олар Қазақстан үкіметі іс қозғап, халықаралық іздеу жариялаған оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязов, Алматы қаласының бұрынғы әкімі Виктор Храпунов, Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев, статистика агенттігінің бұрынғы басшысы Анар Мешімбаеваны Қазақстанға қайтаруға қарайласуды сұрайды.

Үндеуде "түрлі алаяқтық қылмыс жасаған бұл адамдар өздерін саяси қуғын көруші ретінде көрсеткісі келеді" делінген. Сонымен бірге үндеу авторлары халықаралық құқық қорғау ұйымдарын "Қазақстанда азаптау бар дегенді айтып, қос стандарт ұстанады" деп сынады.

2005-2009 жылдары БТА банкін басқарған Мұхтар Әблязов өзіне қарсы бірнеше қылмыстық іс қозғап, халықаралық іздеу салған Қазақстан үкіметін "мені саяси себептермен қуғынға салды" деп кінәлап келеді. Әблязов биыл шілденің 31-і күні ол Францияда ұсталған. Содан бір ай бұрын оның отбасы Италиядан Қазақстанға департацияланып, соңы Италияда саяси жанжалға ұласқан еді.

Қазақстанда бұған дейін де бірқатар белсенділер Франциядан Әблязовты қайтармауды сұрап, акциялар өткізген. Бұған қоса Әблязовты қайтаруды мақсат еткен коалиция да құрылған.

Виктор Храпунов та үстінен бірнеше қылмыстық іс қозғалып, іздеу жарияланған. Оның әйелі Ләйлә Храпунова да алаяқтық іс бойынша күдікті деп танылып, іздеуде жүр. Храпуновтар отбасы қазір Швейцарияда тұрады.

Ал Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевке қатысты "бюджет қаржысын жымқырды және қызмет өкілетін теріс пайдаланды" деген айыптар тағылып, тұтқынға алу туралы санкция шыққан. Қаңтар айында оған іздеу жарияланған.
XS
SM
MD
LG