Accessibility links

Астанада наразыларды полиция ұстады


Полиция "Махаббат" тұрғын үй кешенінің тұрғындарын ұстап әкетіп барады. Астана, 20 тамыз 2013 жыл

Полиция "Махаббат" тұрғын үй кешенінің тұрғындарын ұстап әкетіп барады. Астана, 20 тамыз 2013 жыл

Астанада 40 шақты адам баспана дауына байланысты қалалық прокуратураға барды.

- 2002 жылы "Махаббат" тұрғын үй кешенінен пәтер жалдадым. Ай сайын ақысын төлеп, біртіндеп сатып алу туралы келісім жасастым. Үй иесі кейін ай сайынғы төлемді қымбаттатты. Оған біз қарсы болған соң, ол үйді басқа адамға сатып жіберді. Үстінен алаяқтыққа байланысты іс қозғалды. Ішкі істер департаменті 17 тамызда ол істі жауыпты. Соған наразылық білдіріп, прокуратураға келдік, - дейді наразы тұрғынның бірі Әлия Дөкеева оқиға орнында болған Азаттық тілшісіне.

Олардың айтуынша, 2009 жылы 427 адам "Махаббат" тұрғын үй кешенінен 49 пәтерді жалға алу туралы келісім-шартқа отырып, үй иесіне ақша төлеп келген. Алайда қожайын үйді басқа компанияға сатып жіберіп, жаңа қожайын олардан пәтерлерді босатуды талап еткен. Сот тұрғындардың келісім-шарттарын жарамсыз деп тауып, оларды пәтерлерінен шығаруға үкім еткен.

Тұрғындар айтқан адамға - "кешеннің бұрынғы қожайынына" хабарласу мүмкін болмады.

Прокурордың кеңсе ішінде кездесуге бес адамды ғана шақырғанына келіспеген тұрғындар ғимарат алдындағы көшені жауып тастады. Полиция жолды жапқан азаматтардың барлығын тұтқындап әкетті.

Азаттық тілшісі ұсталған тұрғындар туралы түсінік беруді сұрап Сарыарқа аудандық ішкі істер басқармасына (ІІБ) хабарласқан еді. Бірақ ІІБ кезекші қызметкері "ешқандай түсінік бере алмайтынын" айтты.
XS
SM
MD
LG