Accessibility links

ІІД: Шеңгелдідегі оқиғаның этникалық астары жоқ


Шеңгелдідегі арнайы жасақ. Алматы облысы, 21 тамыз 2013 жыл

Шеңгелдідегі арнайы жасақ. Алматы облысы, 21 тамыз 2013 жыл

Алматы облыстық ішкі істер департаменті (ІІД) "Шеңгелді ауылындағы оқиғаның этникалық астары жоқ" деп мәлімдеді.

21 тамызда таратылған ақпаратта "19 тамызда Шеңгелді ауылында тұрғындар арасында тұрмыстық жанжал болып, оқ атылып, соның салдарынан бір адам қаза тапқаны" айтылады.

Департаменттің ақпараты бойынша, 20 тамызда қаза тапқан жігітті жерлеген соң оның туыстары жеті үйдің терезесін сындырып, бірнеше көлікті зақымдаған. Аталған іс бойынша қылмыстық іс қозғалып, жедел тергеу тобы құрылды. Кісі өліміне күдікті ретінде ауылдың екі тұрғыны іздестіріліп жатыр.

ІІД ресми сайтындағы хабарламасында "оқиғаға екі жақтан да түрлі ұлт өкілдері қатысқандықтан және қақтығыс тұрмыстық жанжалдан туындағандықтан, оған этникалық сипат беру әрекетінің қисыны жоқ" деп мәлімдеді.

Қазір тұрғындардың бірнеше үй мен көлікті қиратқанына қатысты "бөтен мүлікті зақымдау" және "бұзақылық фактісі" бойынша тергеу басталды.

Ауылда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тәртіп сақтау шаралары жасалған.

Бұған дейін жергілікті ақпарат құралдары шешен және қазақ жігіттері арасында төбелес болып, 29 жастағы Мадияр А. есімді жігіт қаза тапқанын хабарлаған еді. 21 тамызда Шеңгелді ауылына барған Азаттық тілшісі ауылды полиция күзетіп тұрғанын, өрт сөндіру, жедел жәрдем көліктері жеткізілгенін хабарлаған.
XS
SM
MD
LG