Accessibility links

Вашингтонда копт христиандары наразылық танытты


Сирияға байланысты АҚШ-та өткен шерудің бірі. Вашингтон, 21 тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Сирияға байланысты АҚШ-та өткен шерудің бірі. Вашингтон, 21 тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Вашингтонда бейсенбіде Египеттің уақытша үкіметін қолдайтын, әрі биліктен шеттетілген "Мұсылман бауырлар" қозғалысына қарсы жүздеген копт христиандар АҚШ ақпарат құралдарын "Египеттегі жағдайды біржақты хабарлайды" деп айыптап, наразылық танытты.

Ақ үйдің жанында басталған акция The Washington Post газеті кеңсесінің алдында аяқталды. Наразылар бұл газеттің "Египеттегі оқиғаларды біржақты баяндайтынын" айтып, қарсылық білдірді. Жиналғандардың айтуынша, басылым Египеттегі христиан шіркеулері мен ғибадатханаларына жасалып жатқан шабуылдарға жөнді назар аудармаған.

Демонстранттар бұған қоса "басылым "Мұсылман бауырлар" қозғалысына іш тартады, ал президент Мұхаммед Мурсидің биліктен кетірілуін мемлекеттік төңкеріс деп атағаны - қате" дейді.

Шерушілер CNN телекомпаниясына да осындай айыптар тақты.

Демонстрация бейбіт түрде өткен. Бірақ The Washington Post газетінің басшылығы кеңсе есігін жауып алып, сыртқа шықпай қойған.

Наразылықты Вашингтондағы "Копт ынтымақтастығы" ұйымы ұйымдастырған.

Египетте соңғы он шақты күнде биліктен тайдырылған Мұхаммед Мурси жақтастары мен үкімет күштерінің арасындағы қақтығыстарда 900-ден астам адам мерт болды.
XS
SM
MD
LG