Accessibility links

Египетте Хосни Мүбәрактың сот тыңдауы өтті


Түрмеден шыққан Мүбәрак әскери госпитальға түсті. Египет, Каир, 22 тамыз 2013 жыл.

Түрмеден шыққан Мүбәрак әскери госпитальға түсті. Египет, Каир, 22 тамыз 2013 жыл.

25 тамызда Каирде Египеттің бұрынғы президенті 85 жастағы Хосни Мүбәрак сотқа келді. Бұл жолы оның 2011 жылғы толқулардағы кісі өлімдеріне қатысы бар-жоғы туралы екінші сот тыңдауы өтті. 2011 жылғы халық толқулары кезінде полиция мен наразылар қақтығысып, көптеген шерушілер қаза тапқан. Осы шерулер кезінде Мүбәрак режимі құлаған еді.

Үш күн бұрын Хосни Мүбәрак түрмеден босатылып, үй қамаққа алынған. Түрмеден босаған бойда бұрынғы президент әскери ауруханаға түсті. Сот залына оны госпитальдан қатаң күзетпен, тікұшақпен алдырды.

Бүгін Мүбәрактан бөлек, "Мұсылман бауырлар" қозғалысының жетекшісі Мұхаммад Бадидің де соты басталуы тиіс еді. Алайда Бади жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайтынын мәлімдеп, сотқа келмеді. Сот отырысы қазан айына шегерілді.

"Мұсылман бауырлар" қозғалысының мүшелеріне "Бұрынғы президент Мұхаммед Мурси билігі тұсында шеруге шыққандарға күш қолданды" деген айып тағылып отыр.

Египетте халық толқып, саяси жағдай ушыққан соң, шілденің 3-і күні әскерилер Мүбәрактан кейін президент болған Мұхаммед Мурсиді биліктен шеттетіп, конституцияның күшін жойды. Билікті қолына алған уақытша үкімет сайлау өткізуге шақырды. Бірақ «Мұсылман бауырлар» партиясы мен оның одақтастары Мурси билікке қайта келмейінше наразылық шерулерін жалғастыра беретіндерін мәлімдеген.

Содан бергі полиция мен Мурси жақтастары арасындағы қақтығыстарда қаза тапқан наразылар саны мың адамға жуықтады.
XS
SM
MD
LG