Accessibility links

Бес ел Сирия туралы қарарды талқылады


Химиялық қару қолданылғанын тексеруге Сирияға барған БҰҰ сарапшыларының көліктері. Дамаск, 28 тамыз 2013 жыл

Химиялық қару қолданылғанын тексеруге Сирияға барған БҰҰ сарапшыларының көліктері. Дамаск, 28 тамыз 2013 жыл

Сәрсенбіде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты бес мүшесі - АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания және Франция Лондон ұсынған қарарды талқылаған. Қарарда Ұлыбритания Сирияға шабуыл жасауды ұсынған.

АҚШ "Ұлыбританияның БҰҰ-ға ұсынған, Сирияда химиялық қару қолданылғанын айыптайтын қарары Ресей ымыраға келмеген соң қабылданбай тұрғанын" мәлімдеді.

АҚШ мемлекеттік департаменті баспасөз хатшысының орынбасары Мария Харф 28 тамызда "Біз Ресейдің қарсылығына байланысты мәселенің шешімін таба алмай отырмыз" деді.

АҚШ президенті Барак Обама сәрсенбіде телеарнадан сөйлеп, Сирия президенті Башар Асад үкіметіне қарсы әскери іс-қимылдар жасауға шешім қабылдамағанын, бірақ химиялық қару қолдану әрекеті жауапсыз қалмауы керегін айтты.

Обама сәрсенбі күні кешке америкалық қоғамдық телеарнаға берген сұхбатында "Химиялық қаруды қолданбау туралы халықаралық нормалар сақталуы тиіс. Зымырандарды пайдалану және басқа да жайттарды ескере келе біз химиялық қаруды оппозиция емес, үкімет күштері қолданды деп санаймыз" деді.

Оның сөзінше, Сирияда химиялық қару қолдануды тоқтату халықаралық қауымдастықтың, АҚШ пен оның аймақтағы одақтастарының қауіпсіздігі үшін қажет.

Батыс ақпарат құралдары "29 тамызда Ұлыбритания парламентінде үкімет ұсынған, БҰҰ-ны Сирияға басып кіруге көндіруді көздейтін жоспар" талқыланатынын хабарлады.

28 тамызда Ресей мен Иран президенті Владимир Путин мен Хассан Роухани телефонмен сөйлесіп, Сирия дағдарысын саяси-дипломатиялық жолмен шешу қажет екенін айтқан.
XS
SM
MD
LG