Accessibility links

Царнаевтың танысы Робел Филлипосқа айып тағылды


Жарылысқа көңіл білдірген жазулар. Бостон, 23 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Жарылысқа көңіл білдірген жазулар. Бостон, 23 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Бостондағы жарылысқа байланысты АҚШ сотында қаралып жатқан істе бейсенбі күні негізгі айыпкер Джохар Царнаевтың танысына - АҚШ азаматы Робел Филлипосқа «тергеуге кедергі келтірген» деген айып тағылды.

Филлипосқа федералдық тергеу бюросының (ФБР) өкілдеріне берген жауабында Бостон марафонындағы терактіден кейін Царнаевтың екі досы - қазақстандық Диас Қадырбаев және Азамат Тәжаяқовпен бірге студенттік жатақханадағы Царнаевтың бөлмесіне кіргенін жасырып қалғаны үшін айып тағылып отыр. Тергеу деректері бойынша, Қадырбаев пен Тәжаяқов жарылыстан кейін Царнаевтың бөлмесінен оның ноутбугі мен фейерверктер салынған рюкзагін алып кетіп, жоюға тырысқан, рюкзак кейін қоқыстан табылған.

19 жастағы Робел Филлипосты АҚШ соты биыл мамыр айында 100 мың долларға кепілге босатқан еді. Егер сот Филлипосты кінәлі деп тапса, ол 16 жылға дейін бас еркіндігінен айырылуы мүмкін деп хабарлайды Азаттықтың Вашингтондағы тілшісі.

13 тамызда АҚШ-тың Бостон федералдық сотында өткен алғашқы тыңдауда Қазақстан азаматтары Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжаяқов өздеріне тағылған айыпты мойындамайтындарын мәлімдеген. Бостон марафонындағы жарылысқа қатысты тергеу ісіне кедергі келтірмек болды деп айыпталған бұл екеуі айыпты деп танылса, 20 жылдан астам уақытқа бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.

Ал Джохар Царнаевтың соты қыркүйекте басталуы тиіс.

15 сәуірде Бостонда марафон аяқталар тұста болған жарылыс салдарынан 3 адам мерт болып, 260-тан астам адам жараланған. Полиция мен қауіпсіздік күштері осы жарылысқа күдікті деп жариялаған ағайынды екеудің бірі - 26 жастағы Тамерлан Царнаев сәуірдің 19-ына қараған түні полиция ұстамақ болған кезде қаза тапқан. Оның інісі 19 жастағы Джохар Царнаев сәуірдің 19-ы күні қала шетінде тірідей қолға түсті.
XS
SM
MD
LG