Accessibility links

Украина президенті: Халық таңдаған одаққа кіреміз


Украина президенті Виктор Януковичтің Еуропа Одағы-Украина саммитінде сөйлеп тұрған сәті. Брюссель, 25 ақпан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Украина президенті Виктор Януковичтің Еуропа Одағы-Украина саммитінде сөйлеп тұрған сәті. Брюссель, 25 ақпан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

"Украина Еуропа Одағына (ЕО) кіре ме, жоқ әлде Кеден Одағына ене ме – ол мәселені референдум арқылы халық өзі шешеді" деп мәлімдеді ел президенті Виктор Янукович украин телеарналарына берген сұхбатында. Бірақ ол "мұндай референдум қашан өтеді" деген сауалға нақты жауап бермеді.

Украина биыл қарашада Вильнюсте өтетін «Шығыс серіктестігіне» мүше елдердің саммитінде ЕО-мен еркін сауда жасасу туралы келісімге қол қоюды жоспарлап отыр. Келісімге қол қойылған жағдайда ЕО тауарларына Украина нарығына жол ашылады. Киевтің бұл жоспары Мәскеуге ұнамайды.

Сәрсенбі күні Еуропарламент депутаттары Ресейді "Украинаға қысым жасап отыр" деп сынады. Осы аптада Украина премьер-министрі Николай Азаров Кеден Одағының бірқатар келісімдеріне Украина да қосылуы мүмкін деп мәлімдеген еді. Бұған дейін Еуропа одағы өкілдері Киевке не өздерімен, не Ресей, Беларусь және Қазақстан құрған Кеден Одағымен әріптес болуы керек екенін бірнеше рет ескерткен.

Өткен аптада Украинаның тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында президент Янукович Еуропа Одағымен қауымдасу Украинаның қазіргі заманғы еуропалық мемлекет болып қалыптасуына ықпал етеді деп мәлімдеген. Сонымен бірге ол Ресей және өзге елдермен байланысты тереңдетіп, дамыту қажет екенін де айтқан.
XS
SM
MD
LG