Accessibility links

Алматыда концерттің соңы тәртіпсіздікке ұласты


"Прайм Плаза" сауда орталығының аумағын қоршап тұрған арнайы жасақ. Алматы, 31 тамыз 2013 жыл.

"Прайм Плаза" сауда орталығының аумағын қоршап тұрған арнайы жасақ. Алматы, 31 тамыз 2013 жыл.

Алматыда әнші Қайрат Нұртас қатысқан концертке байланысты наразы болған көрермендер "Прайм Плаза" сауда және ойын-сауық кешенін бүлдіріп, көшедегі көліктерді аударып тастады деп хабарлайды "Интерфакс" агенттігі. Куәгерлердің хабарлауынша, әнші кешігіп келіп, бір ән ғана айтқан. Содан кейін жиналған жастар "Пpаймның" терезесін сындырып, ағаш үйшікті өртеп, топ-топ болып төбелесіп кетті.

Жергілікті БАҚ таратқан ақпаратқа қарағанда, Саин мен Райымбек батыр көшелері қиылысындағы "Прайм Плаза" орталығында өткен концертке келген жастардың тәртіпсіздігін полиция тоқтата алмай, арнайы жасақ шақырған. Оқиға куәгерлерінің хабарлауынша, наразылар арасында да, полиция қатарында да зардап шегушілер бар, оқиға орнына жедел жәрдем көліктері келген. Наразы топты арнайы жасақ Райымбек көшесімен батысқа қарай қуған.

"Прайм Плаза" сауда орталығы "Вконтакте" әлеуметтік желісіндегі парағында 31 тамыз күні кешкі сағат 7-де әнші Қайрат Нұртас қатысатын концерт өтетінін хабарлаған болатын.

"РИА Новости" агенттігінің хабарлауынша, жаппай тәртіпсіздіктің тууына әнші концертінің өтпей қалуы себеп болған. Наразы көрермендер сахна мен дыбыс құрылғыларын қирата жөнелген.
XS
SM
MD
LG