Accessibility links

Жоғарғы сот "Челах ісіне" қадағалау өндірісін ашпады


Владислав Челах сот залында. Талдықорған, 11 желтоқсан 2013 жыл.

Владислав Челах сот залында. Талдықорған, 11 желтоқсан 2013 жыл.

2 қыркүйекте Қазақстанның жоғарғы соты бұрынғы шекарашы, өмірлік түрме жазасына кесілген Владислав Челахтың ісіне қадағалау өндірісін қозғаудан бас тартты деп хабарлады қазақстандық ақпарат құралдары.

"Соттың Челах қылмыс жасады деген қорытындысы қылмыстық іс материалында көрсетілген. Адвокат Серік Сәрсеновтің іс бойынша қадағалау өндірісін ашу туралы өтінішін қанағаттандыруға негіз жоқ" деген судья Дәулен Нұрәлин.

Ол жоғарғы соттың судьялары бұл іске қатысты қадағалау өндірісін ашпау туралы бірнеше сараптаманың қорытындыларына талдау жасағаннан кейін шешім қабылдағанын айтқан.

2012 жылы мамырдың 30-ы күні толық өртенген Арқанкерген шекара бекетінен 14 шекарашы мен 1 қорықшы - барлығы 15 адамның мәйіті табылған еді. Бұл қылмысқа қатысты тірі қалған жалғыз шекарашы - 19 жастағы Владислав Челах айыпты деп танылып, 2012 жылы желтоқсан айында сот оны өмір бойы түрмеде ұстау туралы үкім шығарған. 2013 жылы ақпанда апелляциялық сот үкімді күшінде қалдырған. Ал маусымда әскери сот адвокаттың кассациялық шағымын да қанағаттандырмады.
XS
SM
MD
LG