Accessibility links

Концертте "тәртіпсіздік бастағандар" анықталды


Концерттен кейін "Прайм Плаза" орталығының аумағында қирап жатқан заттар. Алматы, 31 тамыз 2013 жыл.

Концерттен кейін "Прайм Плаза" орталығының аумағында қирап жатқан заттар. Алматы, 31 тамыз 2013 жыл.

Алматы полициясы "Прайм Плаза" сауда және ойын-сауық кешенінде әнші Қайрат Нұртас қатысқан концерттегі "тәртіпсіздіктерді бастаған адамдарды" анықтады деп хабарлайды ақпарат агенттіктері.

Қалалық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, "тәртіпсіздіктерді бастады" деген күдікпен кәмелетке толмаған үш адам, 18 жастағы үш адам ұсталған.

"Алты адам 1 қыркүйекте "көліктерді тонады" деген күдікпен тұтқындалды. Тергеу кезінде ұсталғандардың "Прайм Плазадағы" тәртіпсіздіктерге қатысы бары анықталды. Оларға қылмыстық кодекстің "тонау" және "бұзақылық жасау" баптары бойынша айып тағылды" дейді департаменттің баспасөз қызметі.

Департамент дерегі бойынша, тәртіпсіздік кезінде ішкі істер органының 37 қызметкері, 28 әскери қызметкер мен тоғыз полицей түрлі дәрежеде жарақат алған.

31 тамызда әнші Қайрат Нұртас қатысқан концерттің соңы жаппай тәртіпсіздікке, жастардың полициямен қақтығысына ұласқан еді. Сол күні полиция бөлімшесіне 165 адам жеткізіліп, оның біразы алдын ала тергеуден кейін босатылған. Қазір қалған адамдардың тәртіпсіздіктерге қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.

Концертті ұйымдастырушылардың үстінен "міндеттеріне жауапсыз қарады" деген бап бойынша іс қозғалды. "Прайм Плаза" кешенінің директорынан ешқайда кетпеу туралы қолхат алынған.
XS
SM
MD
LG