Accessibility links

Әблязовтың адвокаты Мәскеуде екі айға қамалды


Елена Тищенко Мәскеудің Тверь аудандық сотында. 3 қыркүйек 2013 жыл.

Елена Тищенко Мәскеудің Тверь аудандық сотында. 3 қыркүйек 2013 жыл.

Мәскеудің Тверь аудандық соты қазақстандық оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязовтың адвокаты Елена Тищенконы екі айға қамауға ордер шығарды.

Адвокат 31 қыркүйекте Франциядан Мәскеуге келген бойда ұсталған еді. Ол "Әблязов Қазақстаннан заңсыз шығарған 3 миллиард АҚШ долларын жымқырды" деген күдікке ілініп отыр. Тергеу деректері бойынша, Тищенко Мәскеуде Әблязовтың "қылмыстық жолмен иемденген мүліктерін заңдастырумен айналысқан". Елена Тищенко - Украина азаматы, Францияда тұруға рұқсат алған.

Мұхтар Әблязов 31 шілдеде Францияның оңтүстігінде Украинаның сұрауы бойынша ұсталған еді. Оны "ірі көлемде қаржы жымқырды" деп Қазақстан мен Ресей де сұратқан.

2005-2009 жылдары "БТА банк" директорлар кеңесінің төрағасы болған Мұхтар Әблязов 2009 жылы банк мемлекет меншігіне өткен соң шетелге шығып кетіп, Лондонға қоныстанған. Ұлыбритания оған 2011 жылы саяси баспана берген.

Қазақстан үкіметі Әблязовты 5 миллиардқа жуық АҚШ долларын жымқырды деп айыптап, ұлыбританиялық сотқа жүгінген. 2012 жылғы ақпанда Лондон соты Мұхтар Әблязовты «сотты құрметтемегені» үшін 22 айға қамауға алып, активтерін құрсаулауға үкім еткен еді. Онымен келіспеген Әблязов 2012 жылы наурызда апелляциялық шағым жазған. 2012 жылы қараша айында Ұлыбританияның апелляциялық соты ақпанда шығарылған шешімді күшінде қалдырған.

Мұхтар Әблязовқа қарсы Ресейдің заң орындары да қылмыстық іс қозғап, 2010 жылы Мәскеу соты оны тұтқынға алу туралы сырттай үкім еткен.

Әзірге Франция соты Мұхтар Әблязовты абақтыда ұстап отыр.
XS
SM
MD
LG