Accessibility links

Сот Харламовты қолхатпен босатуға қаулы шығарды


Александр Харламов, шығыс қазақстандық құқық қорғаушы

Александр Харламов, шығыс қазақстандық құқық қорғаушы

Риддер қалалық соты 3 қыркүйекте "діни араздық қоздырды" деп айыпталып, қамауда отырған журналист әрі құқық қорғаушы Александр Харламовты ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатуға шешім шығарды. Бұл туралы Азаттық тілшісіне Харламовтың адвокаты Мағауия Тәукенов телефон арқылы хабарлады.

Александр Харламов қазір Өскемендегі абақтыда қамауда отыр. "Ол бүгін, 4 қыркүйек күні түстен кейін босатылуы тиіс" дейді адвокат.

Риддер қалалық соты кеңсесі судья Қайырбек Елемесовтің Александр Харламовты ешқайда кетпеу туралы қолхаты бойынша қамаудан босату туралы қаулы қабылдағанын растады

Александр Харламовқа қарсы сот 2013 жылы 19 шілдеде Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында басталған еді. Оған "ислам, иудаизм мен буддизм сияқты әлемдік діндерді зерттеп, діни жүйеге өзінше тәпсір жасап, діни алауыздықты қоздырған" деген айып тағылған. Айыптау қорытындысында соттың психологиялық-филологиялық сараптамасына сілтеме жасалған.

Тергеу амалдары кезінде Харламовтың ақыл-есінің дұрыстығы да тексерілген. Оны Өскемен абақтысынан мамырдың 27-сі күні Алматыдағы республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығына жеткізген. Бір айлық тексеруден соң «ақыл-есі дұрыс» деген қорытынды жасалып, маусымның 11-і күні ол этаппен қайтадан Риддерге жөнелтілген.

Сотта айыпталушы Харламов өзін кінәсіз деп білетінін және атеист екенін мәлімдеген.
XS
SM
MD
LG