Accessibility links

Күрес олимпиада бағдарламасына қайта енді


Халықаралық олимпиада комитетінің (ХОК) 125-сессиясы. Буэнос-Айрес, 8 қыркүйек 2013 жыл.
Халықаралық олимпиада комитетінің (ХОК) 125-сессиясы. Буэнос-Айрес, 8 қыркүйек 2013 жыл.
Халықаралық олимпиада комитетінің (ХОК) 125-сессиясы 2020 және 2024 жылдары өтетін жазғы олимпиада ойындары бағдарламасына күресті енгізу туралы шешім қабылдады. Бұл мәселе бойынша дауыс беру жексенбіде Буэнос-Айресте өтті.

Одан бір күн бұрын ХОК 2020 жылғы жазғы олимпиаданың Жапония астанасы Токиода өтетінін жариялаған.

Биыл ақпан айында ХОК күресті олимпиада бағдарламасынан алып тастау туралы ұсынысты қолдаған еді. Мамыр айында халықаралық күрес федерациясы (FILA) спорттың бұл түрін олимпиада ойындарының бағдарламасында сақтап қалу мақсатында қолданыстағы ережелерге бірқатар өзгерістер енгізген.

Ақпандағы шешімнен соң ХОК-тің кейбір мүшелері ежелгі Грекия дәуірінен олимпиадалық ойындар қатарында болған күресті алып тастау қателік деп мәлімдеген еді. АҚШ, Иран мен Ресей елдері күресті олимпиада бағдарламасында қалдыру қажеттігін айтқан. Қазақстанның күрес федерациясы да күресті олимпиада ойындарынан алып тастауға қарсылық білдірген.

Сонымен бірге Буэнос-Айрестегі ХОК сессиясында бейсбол, софтбол мен сквошты олимпиада бағдарламасына енгізу ұсынысы өтпей қалды. Бейсбол мен софтбол 2005 жылы олимпиадалық ойындар қатарынан алынып тасталған еді.
XS
SM
MD
LG