Accessibility links

Асма Асадтың интернеттегі фотолары сынға қалды


Сирия президентінің әйелі Асма Асадтың (оң жақта) студент қызбен түскен суреті. Instagram әлеуметтік желісіндегі сурет. 4 қыркүйек 2013 жыл.
Сирия президентінің әйелі Асма Асадтың (оң жақта) студент қызбен түскен суреті. Instagram әлеуметтік желісіндегі сурет. 4 қыркүйек 2013 жыл.

Сирия президентінің зайыбы Асма Асадтың әлеуметтік желілерде өзінің жағымды бейнесін қалыптастыру үшін жариялаған суреті жұртшылықтың ашу-ызасын туғызды.

Сирия президентінің зайыбы Асма Асад әлеуметтік желілерде өзінің қайырымды бейнесін қалыптастырмақ болып, аш кісілерге ас беріп жатқан, қарттарды, сәбилерді мейірлене құшақтап тұрған суреттерін жариялады. Бұны ашумен қабылдаған жұрт президенттің әйелін революция кезінде дарақы «жомарттығымен» танылған 18-ғасырдағы француз патшайымы Мария Антуанеттаға теңеген.

МЕЙІРІМДІ ӘЙЕЛ БЕЙНЕСІ

Фотолармен алмасуға арналған Іnstagram сайтында жарияланған суреттерден босқындарға ас құйып беріп жатқан, қарт кісіні құшағына қысып, жас балаға күлімсіреп қарап тұрған қайырымды да, мейірімді бейнедегі әйелді көресіз.

Бұл кісі – соңғы екі жылда 100 мыңға жуық адам мерт болып, миллиондаған жанды босып кетуге мәжбүр еткен азаматтық соғыс отына оранған Сирияны басқарып отырған президент Башар Асадтың зайыбы Асма Асад.

Асма Асадтың балалармен ойнап жүргенін бейнелейтін фото. Instagram желісіндегі "Сирия президенті" парағындағы сурет.
Асма Асадтың балалармен ойнап жүргенін бейнелейтін фото. Instagram желісіндегі "Сирия президенті" парағындағы сурет.
Бұл жаңа суреттер «Асад режимі соғыс барысында химиялық қару қолданды» деген ақпарат тарап, АҚШ президенті Барак Обама оған әскери шабуыл жасауға оқталып жатқанда Instagram әлеуметтік желісінен ашылған «Сирия президенті» деген парақта жарияланды.

Мәз-мейрам жұрттың ортасында шат-шадыман болып жүрген Башар Асадтың және оның отбасы мүшелерінің суреттерін жариялау – ел ішінде әдеттен тыс ештеңе болып жатқан жоқ, барлығы бәз-баяғы қалпында дегенді меңзейтін стратегияның бір бөлігі іспетті әсер қалдырады.

«ТОЗАҚТА ӨРТЕНЕСІЗ»

Бірақ бұған иланып жатқандар некен-саяқ. Батыс ақпарат құралдары бұл суреттерді «жүректі айнытатын», «сюрреалистік» фотолар деп бағалады.

Ал онлайнда олардың атына лағнет айтқан, жариялауға келмейтін ауыр сөздермен тілдеген пікірлер қаптап кетті. Олардың көбі ағылшын тілінде, арасында арабша комментарийлер де бар. Сурет кейіпкерлерін қолдайтындар аз, көбі оларды айыптайды.

Ұлыбританияда туған Асма Асадтың жасөспірім босқын балаға ыдыспен тамақ
«Бұл балалар сендер өлтірген балаларды естеріңе салмай ма?»
Асма Асадқа жазылған пікірлердің бірі.
ұсынып тұрған суретіне пікір қалдырған Ұлыбритания азаматы: «Құдай біледі, (бейәдеп сөз) осыдан соң мына баланы газбен улап, тамағына у қосып берген шығарсыз. Егер сіз әлі де Ұлыбритания азаматы болсаңыз, онда бұл – еліміздің бетіндегі қара таңба. Егер, Асма, сіз (бейәдеп сөз) Ұлыбританияға қайтып келсеңіз, (бейәдеп сөз) қорапқа салынып, тозақ отына өртенесіз...» деп жазыпты.

Енді бір кісі: «Бұл сіздің кінәңізді түсінуге көмектесті ме?» деген сұрақ қойыпты. Асма ханымның кішкене балаға доп беріп жатқан суретін көрген көп жұрт тамыздың 21-і күнгі газ шабуылы кезінде жан тапсырған балалардың тізілген мәйіттерінің суреттерін еске салған.

«Түсіндім. Сендер балаларды газбен тұншықтырардан бұрын естелік үшін олармен суретке түсіп алады екенсіңдер. Қандай тамаша!»

Асма Асад Ораза айында мұқтаж жандарға тамақ таратып тұр. Instagram желісіндегі "Сирия президенті" парағында жарияланған сурет.
Асма Асад Ораза айында мұқтаж жандарға тамақ таратып тұр. Instagram желісіндегі "Сирия президенті" парағында жарияланған сурет.
«Сен де өзің өлтірген балалардың суреттерін жариялауың керек, Башар әл-Киллер!»

«Бұл балалар сендер өлтірген балаларды естеріңе салмай ма?»

Жазбалардың арасында мынадай болжам да айтылған: «Біреу сендердің бастарыңды дәл осылай көшеде доп қылып ойнап жүреді әлі».

Асад ханымның әрекеті көмектен гөрі кекесінге көбірек ұқсайды. Фотолардан аш-жалаңаш босқындарға тамақ беріп тұрған 38 жастағы арықша келген әйел қолына семірмеу үшін күнделікті жеген тамағының калориясын есептеп жүретіндердің әйгілі көк түсті білезігін тағып алғаны анық байқалады.

«КӨЛЕҢКЕСІ КӨП ЕЛДЕГІ ЖАРЫҚ СӘУЛЕ»

Сирия бірінші ханымының өз имиджін түзету үшін ақпарат құралдарын алғаш рет пайдаланып отырған жоқ. Сирия үкіметі билікке наразы топтардың шерулерін күшпен басып-жаншыған 2011 жылдың көктемінде Vogue журналының америкалық нұсқасында «Шөлдегі раушан» деген атпен оның портреті шыққан. Оппозиция арасында адам шығыны көбейіп кеткен соң журнал редакторлары әлгі суретті веб-сайттан білдіртпей алып тастады.

Мақаланың аңдатпасы былай басталады: «Асма Асад – бірінші ханымдардың ішіндегі өзіне баурап алатын көркімен, келбетімен әрі тартымдылығымен белгілі сұлу әйел. Оның стилі Таяу Шығыс халқына тән сәнқұмарлық пен әшекейден гөрі қарапайымдылыққа жақын. Бір бойында бірнеше сирек қасиет астасып жатқан ұзын бойлы, сарабдал да ақылды әйел әрдайым қарапайым киінеді. Paris Match оны «көлеңкесі көп елдегі жарық сәуле» деп атаған. Ол – Сирияның бірінші ханымы».

Башар Асад (сол жақта) пен әйелі Асма Париждегі мейрамханалардың бірінде. Желтоқсан, 2010 жыл.
Башар Асад (сол жақта) пен әйелі Асма Париждегі мейрамханалардың бірінде. Желтоқсан, 2010 жыл.
The Hill басылымы кейіннен Сирия үкіметінің АҚШ-тағы Brown Lloyd James лоббистік фирмасына осы мақаланы дайындап, жарыққа шығару үшін ай сайын 5 мың АҚШ доллары көлемінде жалақы төлеп отырғанын анықтаған.

Асадтың Instagram-дағы аккаунты америкалық бір сайттың «Instagram-дағы диктаторлар» деп аталатын тізімін толықтырды. Бұған дейін олардың тізіміне Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров, Иранның рухани көсемі Аятолла Әли Хаменеи, Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнар Каримова кірген.

Табан астында бұл аккаунттың «Сирияның нағыз президенті» деген «сыңары» пайда болды. Онда күлімдеген Асадтың отбасы мүшелерінің орнына соғыста өлген балалардың суреттері жарияланған.

Хизер Мейердің материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG