Accessibility links

Обама: Сирияға әскери соққыдан құтылар жол бар


АҚШ президенті Барак Обама. Санкт-Петербург, 6 қыркүйек 2013 жыл.
АҚШ президенті Барак Обама. Санкт-Петербург, 6 қыркүйек 2013 жыл.
АҚШ президенті Барак Обама химиляқ қаруды халықаралық бақылауға беру және жою туралы Ресейдің Дамаскіге ұсынысы Сирия мәселесін шешуде маңызды бетбұрыс болатынын мәлімдеген. Бірақ Обама ондай шараға Сирия үкіметінің келісе қоятынына күмән келтірген.

Америкалық «NewsHour» телебағдарламасына сұхбатында Обама Мәскеу ұсынған идеяны іске асыру мүмкіндігін Ресей президенті Владимир Путинмен болған әңгіме кезінде талқылағанын айтқан.

Барак Обаманың сұхбатын дүйсенбі күні АҚШ-тың бірнеше телеарнасы көрсетті. Сол күні жазғы демалыстан оралған АҚШ конгресі Ақ үй «бейбіт тұрғындарға қарсы химиялық қару қолданған» деп айыптап отырған Башар Асад басқаратын Сирияның үкімет әскеріне қарсы «шектеулі» әскери соққы беру туралы президент Обама ұсынған қарарды талқылауға кірісті.

Сирияның химиялық қаруды әлем қауымдастығының бақылауына беру мүмкіндігі туралы ұсыныстар айтыла бастаған соң АҚШ сенаты Сирия мәселесіне қатысты дауыс беруді сәрсенбіге қалдырды.

Бұған дейін Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Сирия билігін АҚШ тарапынан әскери шабуылға жол бермес үшін өзіндегі химиялық қару-жарақты халықаралық бақылауға беріп, жоюға шақырған еді.
XS
SM
MD
LG