Accessibility links

АҚШ Сирияға қатысты Ресей ұсынысын қабылдады


АҚШ президенті Барак Обама Сирияға қатысты мәлімдеме жасап тұр. Вашингтон, 11 қыркүйек 2013 жыл.
АҚШ президенті Барак Обама Сирияға қатысты мәлімдеме жасап тұр. Вашингтон, 11 қыркүйек 2013 жыл.
АҚШ президенті Барак Обама Ресейдің Сириядағы химиялық қаруды халықаралық бақылауға алу ұсынысын қабылдады. Бірақ америка әскері кез-келген уақытта Сирияға шабуылдауға дайын.

11 қыркүйекте жасаған телевизиялық жолдауында Обама "бірақ Мәскеудің Сирияның химиялық қаруын халықаралық бақылауға алу жоспары сәтімен іске асады деуге әлі ерте" деп мәлімдеді.

- Асад режимі химиялық қаруы бар екенін мойындады. Тіпті оны қолдануға тыйым салатын конвенцияға да қосылуға әзір екенін білдірді. Бірақ Ресей ұсынысы іске асады деуге әлі ерте. Өйткені Асад режимінің келісімдерді орындап, уәдесінде тұруы - екіталай. Дегенмен бұл ұсыныс химиялық қарудың қаупін күш қолданбай жоюға мүмкіндік беруі ғажап емес, - деді Обама.

Обама "АҚШ одақтастары - Ұлыбритания мен Францияның бұл ұсыныс бойынша Ресей және Қытаймен бірігіп жұмыс істеуге әзір екенін" айтты.

Обама "егер ұсыныс дұрыс жүзеге аспаса, Сирияға қарсы әскери операция жасалатынын" да айтып өтті. Ол "Шара қолданылмаса, Сирияның химиялық қаруы АҚШ мүдделеріне қауіп төндіреді" деп мәлімдеді.

- Егер ешқандай шара қолданылмаса, Асад режимі химиялық қаруды қолданудан бас тартпайды. Басқа да тирандар химиялық қару қолданудан қаймықпайтын болады. Біздің әскерімізге қарсы химиялық қару қолданылуы мүмкін. Қару террорлық ұйымдардың қолына түссе, олар оны бейбіт тұрғындарға қарсы пайдалануы ғажап емес, - деді Обама.

Обама "әскерге кез-келген жағдайға дайын тұруға бұйрық бергенін, Конгреске дипломатиялық тәсілдердің нәтижесін күте тұруға нұсқау түсіргенін" айтты.

Бұдан бұрын АҚШ билігі мемлекеттік хатшы Джон Керриге Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен Сирияның химиялық қару қорынан бас тартуы туралы келіссөздер жүргізуді тапсырған.

Сирияның сыртқы істер министрі Валид әл-Муаллем Дамаск қаласында "АҚШ агрессиясының бетін қайтару үшін Сирияның Ресей ұсынысымен келісетінін" мәлімдеді.

АҚШ Башар Асад режимін "21 тамыз күні Дамаск маңында химиялық қару қолданды, оның кесірінен 1 мың 400 адам қаза тапты" деп айыптап отыр.
XS
SM
MD
LG