Accessibility links

Назарбаев Сирия мәселесінде Ресейді қолдайтынын айтты


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай ынтымақтастығы ұйымының саммитінде. Бішкек, 13 қыркүйек 2013 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай ынтымақтастығы ұйымының саммитінде. Бішкек, 13 қыркүйек 2013 жыл.

Жұма күні Бішкекте өткен Шанхай ынтымақтастығы ұйымының (ШЫҰ) саммитінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сириядағы дағдарысты бейбіт жолмен шешу қажеттігі туралы мәлімдеді.

«Қазақстан химиялық қарудың қолданылғаны туралы Сириядан түскен ақпараттарға байланысты қатты алаңдаушылық білдіреді. Сириядағы жағдайды бейбіт жолмен шешудің барлық мүмкіншіліктері әлі сарқылмағанына сенімдімін» деді Назарбаев.

Ол Сирияның химиялық қару-жарағын халықаралық қауымдастықтың бақылауына беру жөнінде Ресей президенті Владимир Путиннің ұсынысын қолдайтынын айтты.

- Бұл проблеманы бейбіт жолмен шешуге мүмкіндік бар және одан барша әлем ұтады деп санаймын, - деген Назарбаев.

Сонымен бірге Қазақстан президенті Иранның ядролық бағдарламасына қатысты проблеманы да «тек қана бейбіт жолмен шешу қажеттігін» атап өткен.

Назарбаев 2014 жылы Ауғанстаннан НАТО әскерінің шығарылатындығына байланысты бұл елдегі тұрақтылық жағдайына Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің назары ауып отырғанын да жеткізді.

- Ауғанстан дамуының жаңа кезеңіне аяқ басады. Ауғанстан проблемасын шешудің кілті ауған халқының өз қолында, - деді ол

Қазақстан президенті сонымен бірге ШЫҰ елдерінің Орталық Азиядағы су проблемасына қатысты консенсусқа келуі қажеттігін айтқан.

- ШЫҰ бұл мәселе бойынша ашық диалог алаңына айналуы керек, - деген Назарбаев.

Бішкек саммитіне ШЫҰ-на мүше алты мемлекет – Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстанның президенттері, сонымен бірге ұйымға бақылаушы мәртебесі бар Ауғанстан, Иран, Пәкістан, Моңғолия мен Үндістан, диалог бойынша серіктес елдер – Түркия, Беларусь және Шри-Ланка, «арнайы шақырылған тарап» ретінде Түркіменстан өкілдері қатысты.
XS
SM
MD
LG