Accessibility links

Обама химиялық қару келісімі туралы айтты


АҚШ президенті Барак Обама. Ақ үй, Вашингтон, 12 қыркүйек 2013 жыл.
АҚШ президенті Барак Обама. Ақ үй, Вашингтон, 12 қыркүйек 2013 жыл.
АҚШ президенті Барак Обама Сирияның химиялық қаруы бойынша кез келген келісім бақылауда ұстап, міндетті түрде орындалатындай болуы тиіс деп мәлімдеді жұма күні.

Ақ үй басшысы Вашингтонда Кувейттің әмірі Сабах әл-Ахмад әл-Джабер ас-Сабахпен келіссөздерден соң айтқан сөзінде Женевада АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың қатысумен өтіп жатқан келіссөздер жеміс әкеледі деп үміттенетінін білдірді.

Бұған дейін Ресей сыртқы істер министрлігі Керри мен Лавровтың БҰҰ мен Араб лигасы елдерінің Сирия бойынша өкілі Лахдар Брахимимен келіссөздерінің жаңа кезеңі қыркүйектің соңында Нью-Йоркте, БҰҰ-ның 68-сессиясы кезінде өтетінін растады.

Жұма күні Женевада Керри, Лавров пен Брахими Сирияның химиялық қару-жарақ қорын жою жолдарын талқылап, Сириядағы дағдарыстың барлық тараптарының қатысуымен халықаралық конференция өткізуге дайын екендерін білдірген еді.

Дамаск маңында 21 тамызда газ шабуылынан жүздеген адам қаза болған соң АҚШ президенті Барак Обама Сирияға қарсы әскери операция бастау туралы мәлімдеме жасаған. АҚШ-тың бұл жоспарына қарсы болған Ресей Сирия билігін сырттан әскери шабуылға жол бермес үшін өзіндегі химиялық қару-жарақты «халықаралық бақылауға» беруге шақырған еді.

Ресей телеарнасына берген сұхбатында Сирия президенті Башар Асад өз елі химиялық қаруды тапсыруға АҚШ-тан қорыққандықтан емес, Мәскеудің жүргізген дипломатиялық іс-шараларының нәтижесінде келіскенін мәлімдеген. Бұған қоса ол химиялық қару-жараққа қарсы халықаралық келісімге Сирияның да қосылуға дайын екендігін айтқан.
XS
SM
MD
LG