Accessibility links

«Еркін Сирия армиясы» АҚШ-Ресей келісімін сынады


«Еркін Сирия армиясы» оппозициялық қарулы жасағының сарбазы. 9 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
«Еркін Сирия армиясы» оппозициялық қарулы жасағының сарбазы. 9 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
«Еркін Сирия армиясы» оппозициялық қарулы жасағының жоғарғы әскери кеңесінің басшысы генерал Салим Идрис Сирияның химиялық қаруын халықаралық бақылауға беру туралы АҚШ пен Ресей арасында жасалған келісімді қабылдамайтынын мәлімдеді.

Сенбі күні Түркияда өткен баспасөз мәслихатында ол АҚШ пен Ресей арасындағы келісім Сириядағы дағдарысты шешпейді деп мәлімдеген. Генерал Салим бұл келісім "тек уақыт созу" болатынын, оппозицияның Сирия президенті Башар Асадты биліктен құлату үшін қарулы күресті жалғастыра беретінін айтқан.

Бұның алдында АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Женевадағы келіссөздерде АҚШ пен Ресей Сирияның химиялық қаруын халықаралық қауымдастықтың бақылауына беру мәселесі бойынша келісімге келгені туралы мәлімдеген еді. Оның айтуынша, Мәскеу мен Вашингтон 2014 жылдың ортасына дейін Сириядан химиялық қару шығарылып, жойылуы тиіс деп келіскен.

Сирия бір аптаның ішінде қазір қолында бар химиялық қару-жарақ туралы толық ақпаратты ұсынуы керек. Егер Дамаск өзіне алған міндеттемелерді орындаудан бас тартқан жағдайда тараптар БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Сирияға қарсы санкция енгізу мүмкіндігі қарастырылатын қарар қабылдауына күш біріктірмек.

Бұған дейін БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун келесі аптаның басында БҰҰ инспекторлары 21 тамызда Дамаск маңында химиялық қару қолданылғаны туралы қорытынды есепті ББҰ Қауіпсіздік кеңесіне тапсыратынын мәлімдеген.

БҰҰ деректері бойынша, Сириядағы 30 айға жалғасқан қарулы жанжал салдарынан 100 мыңнан аса адам қаза тауып, 2 миллионнан астам адам босып кеткен.
XS
SM
MD
LG