Accessibility links

Пан Ги Мун Башар Асадты айыптады


БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун.Нью-Йорк, 3 қыркүйек 2013 жыл.

БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун.Нью-Йорк, 3 қыркүйек 2013 жыл.

БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун Сирия президенті Башар Асадты «адамшылыққа қарсы қылмыс жасаған» деп айыптады.

Пан Ги Мун «Сирия басшысы Башар Асад адамшылыққа қарсы көптеген қылмыстарға кінәлі» және соғыс аяқталған соң оның «кінәсін анықтау процесі басталады» деп мәлімдеген. Бұл туралы ол БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі кеңесіне Сириядағы гуманитарлық ахуал туралы есеп тапсырылардан бұрын ұйымның штаб-пәтерінде өткен жабық жиында айтқан.

БҰҰ бас хатшысы ғимарат ішіндегі телекамераның қосулы қалғанын білмеген, сөйтіп Пан Ги Мунның сөзі баршаға мәлім болған деп хабарлайды Азаттық тілшісі Нью-Йорктан.

Жақын күндері бас хатшыға 21 тамызда Дамаск маңында болған химиялық шабуыл оқиғасын зерттеген әскери сарапшылардың жасаған қорытындысы тапсырылмақшы. Пан Ги Мунның айтуынша, «құжатта химиялық қару қолданылғаны туралы бұлтартпас айғақтар бар». Бірақ өздеріне белгіленген өкілеттік бойынша инспекторлар улы заттарды нақты қай тарап қолданғаны туралы ұйғарым жасай алмайды.

Сарапшылардың қорытындысы қолына тиген соң бірнеше сағаттың ішінде Пан Ги Мун БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін құжаттың мазмұнымен таныстыратын болады.

Дамаск маңында 21 тамызда газ шабуылынан жүздеген адам қаза болған соң АҚШ президенті Барак Обама Сирияға қарсы әскери операция бастау туралы мәлімдеме жасаған. АҚШ-тың бұл жоспарына қарсы болған Ресей Сирия билігін сырттан әскери шабуылға жол бермес үшін өзіндегі химиялық қару-жарақты «халықаралық бақылауға» беруге шақырған еді.

Ресей телеарнасына берген сұхбатында Сирия президенті Башар Асад өз елі химиялық қаруды тапсыруға АҚШ-тан қорыққандықтан емес, Мәскеудің жүргізген дипломатиялық іс-шараларының нәтижесінде келіскенін мәлімдеген. Бұған қоса ол химиялық қару-жараққа қарсы халықаралық келісімге Сирияның да қосылуға дайын екендігін айтқан.

Қазақстан Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттермен бірге "Сирия мәселесін тек қана бейбіт жолмен шешу керек" деген ұстаным білдірді.
XS
SM
MD
LG