Accessibility links

Мексикада полиция шеруді газ бен су шашып таратты


Сокало алаңында наразылық шеруіне шыққан студенттер мен полицияның бетпе бет келуі. Мехико, Мексика, 1 мамыр 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Сокало алаңында наразылық шеруіне шыққан студенттер мен полицияның бетпе бет келуі. Мехико, Мексика, 1 мамыр 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Мексиканың астанасы Мехико қаласында жұма күні мұғалімдердің үкіметке наразылық шеруіне шыққандар мен полиция арасында қақтығыс болған.

Полиция шеруді тарату үшін көзден жас ағызатын газ бен су шашып, 30-дан аса адамды ұстаған. Билік қаланың орталық алаңы жақын қалған тәуелсіздік мейрамын атап өтуге байланысты бос болуы тиіс деп мәлімдеген.

Елдегі білім саласына реформа жүргізу туралы үкіметтің бастамасына наразылық танытқан мұғалімдер бұдан бірнеше апта бұрын Сокало алаңына шатыр тігіп қойған еді. Білім саласын реформалауды ел президенті Энрике Пенья Ньето қолдаған.

Қыркүйектің басында Мехикода студенттердің білім реформасына қарсылық шеруі тәртіпсіздіктерге ұласқан болатын. Наразы жастар парламент ғимаратына тас пен жанғыш зат құйылған бөтелкелер лақтырып, президент Ньетоның отставкаға кетуін талап еткен еді.

Реформа мұғалімдерге талапты күшейтіп, осы уақытқа дейін ұстаздар пайдаланып келген бірқатар жеңілдіктерді жоюды көздейді.

Былтыр желтоқсанда Мексика президенті болып сайланған Пенья Ньето реформалар жүргізу арқылы ел экономикасын жандандыруға уәде берген еді.
XS
SM
MD
LG