Accessibility links

Керри мен Лавров Сирия қаруы туралы келісімге келді


Солдан оңға: АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри, БҰҰ-ның арнайы өкілі Лахдар Брахими мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров баспасөз мәслихатында. Женева, 13 қыркүйек 2013 жыл.

Солдан оңға: АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри, БҰҰ-ның арнайы өкілі Лахдар Брахими мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров баспасөз мәслихатында. Женева, 13 қыркүйек 2013 жыл.

Женевадағы келіссөздерде АҚШ пен Ресей Сирияның химиялық қаруын халықаралық қауымдастықтың бақылауына беру мәселесі бойынша келісімге келді. Бұл туралы сенбі күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри мәлімдеген.

Оның айтуынша, Мәскеу мен Вашингтон 2014 жылдың ортасына дейін Сириядан химиялық қару шығарылып, жойылуы тиіс деп келіскен. Дамаск бір аптаның ішінде қазір қолында бар химиялық қару-жарақ туралы толық ақпаратты ұсынуы керек.

Керри мен Лавров арасындағы үш күнге созылған келіссөздер нәтижесінде қол жеткен келісімге сәйкес, егер Дамаск өзіне алған міндеттемелерді орындаудан бас тартқан жағдайда АҚШ пен Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі тарапынан Сирияға қарсы санкция енгізу мүмкіндігі қарастырылатын қарар қабылдануына күш біріктірмек.

Бұған дейін БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун келесі аптаның басында БҰҰ инспекторлары тамыз айында Дамаск маңында химиялық қару қолданылғаны туралы қорытынды есепті ББҰ Қауіпсіздік кеңесіне тапсыратынын мәлімдеген.

Жұма күні БҰҰ-да өткен жабық жиында Пан Ги Мун Сирия президенті Башар Асадты «адамшылыққа қарсы қылмыс жасаған» деп айыптағаны жұртшылыққа кездейсоқ мәлім болған еді.

Дамаск маңында 21 тамызда газ шабуылынан жүздеген адам қаза болған соң АҚШ президенті Барак Обама Сирияға қарсы әскери операция бастау туралы мәлімдеме жасаған. АҚШ-тың бұл жоспарына қарсы болған Ресей Сирия билігін сырттан әскери шабуылға жол бермес үшін өзіндегі химиялық қару-жарақты «халықаралық бақылауға» беруге шақырған еді.

Ресей телеарнасына берген сұхбатында Сирия президенті Башар Асад өз елі химиялық қаруды тапсыруға АҚШ-тан қорыққандықтан емес, Мәскеудің жүргізген дипломатиялық іс-шараларының нәтижесінде келіскенін мәлімдеген. Бұған қоса ол химиялық қару-жараққа қарсы халықаралық келісімге Сирияның да қосылуға дайын екендігін айтқан.
XS
SM
MD
LG