Accessibility links

Әлем елдері Сирия жайлы АҚШ-Ресей келісімін құптады


АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри (сол жақта) мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Женевада үш күнге жалғасқан келіссөздер аяқталған соң. 14 қыркүйек 2013 жыл.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри (сол жақта) мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Женевада үш күнге жалғасқан келіссөздер аяқталған соң. 14 қыркүйек 2013 жыл.

Әлем елдерінің басшылары Сирияның химиялық қаруына қатысты АҚШ пен Ресей арасындағы келісімге қолдау білдіріп жатыр.

Қытай билігі бұл келісімнің «Сирияның химиялық қаруына байланысты проблеманы бейбіт жолмен шешуге» септесетінін мәлімдеген. Араб мемлекеттері лигасының басшысы Набил әл-Араби Женевада жасалған келісімді «саяси шешімге қадам» деп бағалады. Келісім жайында АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керриден хабардар болған Израиль де оптимистік пікір білдірді.

Ресми Дамаск бұл келісімді «соғыс қаупінің алдын алуда Сирияның жеңісі» деп сипаттады. Сирияның оппозициялық Ұлттық коалициясы президент Асадтың уәдесіне сенбеу қажеттігін мәлімдеп, Сирия режимінің баллистикалық зымырандар қолдануына және әуеден соққы беруіне қосымша шектеулер енгізуге шақырды.

Өткен аптада АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Женевада қол жеткізген келісімге сәйкес, Сирия бір апта уақыттың ішінде өзіндегі химиялық қарудың толық тізімін тапсырып, 2014 жылдың ортасына дейін ол қару толық жойылуы немесе елден сыртқа шығарылуы тиіс.

Дамаск маңында 21 тамызда газ шабуылынан жүздеген адам қаза болған соң АҚШ президенті Барак Обама Сирияға қарсы әскери операция бастау туралы мәлімдеме жасаған. АҚШ-тың бұл жоспарына қарсы болған Ресей Сирия билігін сырттан әскери шабуылға жол бермес үшін өзіндегі химиялық қару-жарақты «халықаралық бақылауға» беруге шақырған еді.

Ресей телеарнасына берген сұхбатында Сирия президенті Башар Асад өз елі химиялық қаруды тапсыруға АҚШ-тан қорыққандықтан емес, Мәскеудің жүргізген дипломатиялық іс-шараларының нәтижесінде келіскенін мәлімдеген. Бұған қоса ол химиялық қару-жараққа қарсы халықаралық келісімге Сирияның да қосылуға дайын екендігін айтқан.

Қазақстан Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттермен бірге «Сирия мәселесін тек қана бейбіт жолмен шешу керек» деген ұстаным білдірген еді.
XS
SM
MD
LG