Accessibility links

Астана Байқоңырдағы жұмысқа кеңірек қатысуға ынталы


Kazakhstan - Erlan Idrissov, Kazakhstan's ambassador to the United States. Photo from official site of Embassy of Kazakhstan in the United States, undated

Kazakhstan - Erlan Idrissov, Kazakhstan's ambassador to the United States. Photo from official site of Embassy of Kazakhstan in the United States, undated

Қазақстан Ресеймен тығыз әріптес бола отырып, Байқоңыр ғарыш айлағындағы жұмысқа кеңірек қатысуға ынталы. Бұл туралы Ресейдің «Независимая газета» басылымында 16 қыркүйекте жарияланған сұхбатында Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов мәлімдеген.

«Қазақстан Байқоңыр ғарыш айлағының жұмысына кеңірек қатысып, өз ғарыш әлеуетін сапалы түрде дамытуды көздейді. Және оны Ресеймен қарым-қатынасына зиян болмайтындай, онымен бірге атқаруға ынталы. Өз жерімізде ғарыш айлағы тұрған кезде Ресей сияқты қуатты ғарыш державасымен тығыз әріптес болу мүмкіндігін қолдан шығарып алу аңғырттық әрі қисынсыз болған болар еді» деген ол.

Ыдырысовтың айтуынша, Байқоңырды 2050 жылға дейін жалға беру туралы Ресей мен Қазақстан арасында 2004 жылы қол қойылған келісім мерзімін ұзарту екі жаққа да, соның ішінде өзінің ұзщақ мерзімге арналған ғарыш бағдарламасын түзіп жатқан Ресей үшін тиімді болмақ. Министр өз сөзінде құжаттың негізгі мақсаттарының бірі – аса улы отынмен (амил, гептил) ұшырылатын зымырандар санын біртіндеп қысқарту екенін айтқан.

«Қазір бұл мақсатта Байқоңыр ғарыш айлағында «Байтерек» деп аталатын экологиялық қауіпсіздік деңгейі жоғары жаңа ғарыш-зымыран кешенін құру жұмыстары атқарылып жатыр. Оны құрған соң аса улы отын пайдаланатын «Протон» зымыран-тасығыштарын ұшыру тоқтатылады» деп мәлімдеген Ыдырысов.

Сонымен бірге министр Қазақстан өз жерінде Ресеймен бірлесіп әскери мақсаттағы техника шығаратын әскери-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарын құруға мүдделі екендігін айтқан. Ол бұл саладағы қарым-қатынастар әскери-техникалық әріптестік туралы екіжақты келісімшартқа қол қойылған соң жаңа деңгейге көтеріледі деген сенім білдірген.

Биыл 2 шілде күні ресейлік «Протон-М» зымыран тасығышы Байқоңырдан ұша бере апатқа ұшырап, жарылып кеткен еді. Апат салдарынан Байқоңыр ғарыш айлағы маңы зымыран тасығыштың улы отыны - гептилмен ластанған.

Осы оқиғаға байланысты қазақстандық қоғам белсенділері Алматы, Астана және Орал қалаларында ресейлік «Протон-М» зымыран тасығышының ұшырылуына қарсылық акцияларын өткізген.
XS
SM
MD
LG