Accessibility links

Қазақстан мен Қытай топтық туризм жайын талқылап жатыр


Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Қорғас» кеденінің қытай жағындағы бекеті. 18 ақпан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Қорғас» кеденінің қытай жағындағы бекеті. 18 ақпан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан Қытаймен арада топтық туристер визасына қатысты келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл туралы дүйсенбі күні Ресейдің «Независимая газета» басылымына шыққан сұхбатында Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов мәлімдеген.

Министр көрші екі елдің «кең ауқымды мәселелер бойынша ынтымақтастығы жемісін беріп, жоғары деңгейлі екіжақты саяси байланыстар қарқындылығымен сипатталатынын» атап өткен.

– Қытайдың экономикалық дамуы арқасында бүгінгі таңда ҚХР шетелге туристік сапармен шығу бойынша әлемде алдыңғы қатардан орын алып отыр. Дәл осыған байланысты, сондай-ақ, Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өткелі отырғандықтан біздің мемлекеттеріміз арасындағы әріптестік жаңа сапалы деңгейге көтерілді, онда екі ел өзара топтық туристер визасы туралы келісім жобасын қарастырып жатыр, - деген Ыдырысов.

Биыл көктемде Қытайда билік басына келген Си Цзиньпин өткен аптада Орталық Азия елдеріне жасаған тұңғыш сапары аясында Қазақстанда екі күндік ресми сапармен болып қайтқан еді.

12 тамызда Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Сарыбай Қазақстан мен Қытай арасында туристік мақсатпен визасыз барып-келуге мүмкіндік беретін келісім әзірленіп жатқаны жөнінде хабарсыз екенін мәлімдеген болатын.

Өткен айдың басында бірқатар ақпарат құралдары Қазақстан индустрия және жаңа технологиялар министрлігі туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары Мұхит Саймасаевқа сілтеме жасап, «Қазақстан мен Қытай үкіметі арасында визасыз топтық туристік сапар жасауға рұқсат беру туралы келісім жасасып жатқаны» туралы хабар таратқан еді. Онда аталған келісімнің мақсаты – «екі елдің туризм саласындағы ынтымақтастығын арттыру және Қазақстанға келетін туристер санын көбейту» екені айтылған.
XS
SM
MD
LG