Accessibility links

Астанада Азаттық тілшісін полиция ұстады


18 қыркүйек күні түскі сағат 12-ден аса Астанада Азаттық тілшісі Өркен Жоямергенді журналистік қызметін атқару барысында полиция тұтқындады. Тілші "Махаббат" тұрғын үй кешені тұрғындарының Қазақстан бас прокуратурасы алдындағы наразылық акциясын түсіруге барған.

Оқиға орнында журналистік қызметін атқаруға кіріскен Өркен Жоямергенді, оппозициялық "16/12" телеарнасының тілшісі Санат Орыналиев пен операторы Ержан Әмірхановты полиция тұтқындап, Астананың Есіл аудандық ішкі істер бөліміне апарды.

- "Прокуратура - режимдік нысан, оны видеоға түсіруге болмайды" деп, бізді тұтқындады. Біз алып кеткенде наразылық акциясына жиналған 40 шақты адамды ОМОН қоршай бастады - дейді Азаттық тілшісі.

Астана қаласы Есіл ауданы ішкі істер бөлімінің қызметкері Азамат Оспанов "тілшілердің прокуратура ғимаратын рұқсат алмай түсіргені үшін ұсталғанын" айтты. Азаттық тілшісінің тұтқындалғаны жайлы ішкі істер министрлігі баспасөз қызметі құлағдар етілді.

Тілші ұсталған шараны өткізушілер - "Махаббат" тұрғын үй кешенінің тұрғындары айтуынша, олар 2009 жылы 427 адам 49 пәтерді жалға алу туралы келісім-шартқа отырып, тұрғын үй кешені иесіне ақша төлеп келген. Алайда қожайын үйді басқа компанияға сатып жіберіп, жаңа қожайын олардан пәтерлерді босатуды талап еткен. Сот тұрғындардың келісім-шарттарын жарамсыз деп тауып, оларды пәтерлерінен шығаруға үкім еткен. Сот үкіміне наразы тұрғындар бұдан бір ай бұрын Астана қалалық прокуратурасы алдында акция өткізген еді. Ол жолы оларды полиция ұстап әкеткен.

Астана полициясы Азаттық тілшісі Өркен Жоямергенді 2013 жылы 22 мамыр күні де тұтқындаған еді. Ол жолы Өркен Жоямерген өздерін "үлескер" деп атаған ондаған адамның үкімет үйінің алдындағы наразылық акциясынан репортаж дайындауға барған.
XS
SM
MD
LG