Accessibility links

Болат Әбілев саясаттан кететінін мәлімдеді


Саясаткер Болат Әбілев Алматыдағы қарсылық жиынында сөйлеп тұр. 28 қаңтар 2012 жыл.

Саясаткер Болат Әбілев Алматыдағы қарсылық жиынында сөйлеп тұр. 28 қаңтар 2012 жыл.

Қазақстандық саясаткер Болат Әбілев саясаттан кететінін мәлімдеді. Бұл туралы ол бейсенбі күні Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасы арқылы хабарлады.

«Бірнеше жыл белсенді саяси қызметті қойып, бұрыннан ойымда жүрген шығармашылық жоспарды жүзеге асырғым келеді» деп жазған Әбілев.

Сонымен әділет, демократия, тәуелсіздік, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары құндылықтарынан бас тартпайтынын айтқан.

1990 жылдардың басында Қазақстанда "Бутя" (BUTYA) деп аталатын жеке меншік фирманың негізін қалаған бизнесмен ретінде танылған Болат Әбілов кейін саяси қызметке араласты. Ол 1999 жылы өткен парламент сайлауында биліктің "Отан" партиясынан депутат болып сайланды.

2001 жылы Болат Әбілев елде саяси реформаларды жүргізу туралы талап көтерген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын құруға қатысты. Осы ісі үшін "Отан" партиясы қатарынан шығарылып, депутаттықтан шеттетілді.

Ол 2002 жылы ҚДТ қозғалысынан бөлінген бірнеше адаммен бірге "Ақ жол" демократиялық партиясының негізін қалады. Болат Әбілев осы партияның және кейін одан бөлінген "Нағыз Ақ жол" партиясының тең төрағаларының бірі болып қызмет атқарды. Ал 2008 жылдан осы уақытқа дейін "Азат" демократиялық партиясының төрағасы болды.

Өткен аптада 56 жасқа толған Болат Әбілев саясатта жүрген жылдары оның үстінен бірнеше рет қылмыстық іс қозғалып, әкімшілік сот шешімімен қамауда отырып шыққан.
XS
SM
MD
LG