Accessibility links

Мәскеу Киевке ЕО-мен келісімге келмеу туралы ескертті


Украина премьер-министрі Николай Азаров.

Украина премьер-министрі Николай Азаров.

21 қыркүйекте Ресей президентінің кеңесшісі Сергей Глазьев Украинаға Еуропа Одағымен (ЕО) әріптестік келісімін жасаудан сақтану қажеттігін ескертті.

Ол "Украина мен ЕО арасындағы келісімнен Киевке ешқандай пайда келмейді" дейді. Глазьев "Ресейдің Украинаға қарсы жасайтын шаралары бұл елді миллиардтаған долларлық шығынға батырып, дефолтқа ұшырататынын" айтты.

Ресей Украинаның ЕО-мен келісімге отырмай, Кеден Одағына қосылуы үшін Киевке қысым жасап келеді.

Мәскеу Украина арқылы Ресей нарығын ЕО тауарлары басып қалады деп қауіптенеді.

Ал Украина премьер-министрі Николай Азаров "Ресейдің бұл қаупі негізсіз" екенін айтып, "Кремль талаптарының саяси астары бар" деп мәлімдеді.

Украина Ресей газының өз аумағы арқылы Еуропаға экспортталуын қысқартатынын ескертіп отыр.

Украина Ресей газының мың текше метріне 400 доллардан төлейді. Ресей газ бағасын төмендету туралы Украина өтінішіне құлақ аспай келеді.

Польша сыртқы істер министрі Радослав Сикорский Украинаны "Кремль қысымына қарамастан", ЕО-мен қарашада жасалатын келісімге қол қоюға шақырды.

Украина президенті Виктор Янукович 20 қыркүйек күні ЕО-мен әріптестік келісіміне қараша айында өтетін Вильнюс саммитінде қол қоятынын мәлімдеген еді.

Бірақ ол Украинаның бұрынғы премьер-министрі Юлия Тимошенконы босату-босатпау туралы жоспарын жарияламады.

Тимошенко 2011 жылы жеті жылға сотталған еді. Оған "лауазымын асыра пайдаланды" деген айып тағылған.
XS
SM
MD
LG