Accessibility links

ҰҚШҰ: Сирия мәселесін саяси жолмен шешу қажет


ҰҚШҰ-ға мүше елдердің сыртқы істер және қорғаныс министрлері. Сочи, 23 қыркүйек 2013 жыл
ҰҚШҰ-ға мүше елдердің сыртқы істер және қорғаныс министрлері. Сочи, 23 қыркүйек 2013 жыл
23 қыркүйекте Сочиде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) мүше алты ел – Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан сыртқы істер, қорғаныс министрлері мен қауіпсіздік кеңестерінің хатшыларының қатысуымен өткен жиында халықаралық мәселелерге қатысты бірлескен мәлімдеме қабылданды.

Онда ҰҚШҰ-ға мүше елдердің «Сирияда бейбітшілік пен тұрақтылық орнатуға күш салатыны» айтылған.

Жиыннан кейін Ресей президенті Владимир Путин журналистерге ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер Сириядағы қақтығыстарды «саяси жолмен шешуді бірауыздан қолдайтынын» мәлімдеген. Путин «Сирия немесе Ауғанстаннан өтетін содырлар ҰҚШҰ елдеріне еніп кетуі мүмкін» екенін ескертіп, терроризмнің бір мемлекеттен екінші мемлекетке өтуіне қарсы күресу қажеттігін айтқан.

Сонымен бірге ҰҚШҰ-ға мүше алты мемлекет Тәжікстанның Ауғанстанмен шекарасын қорғаудың бірлескен жобасын жасауға да келісті.

Осы айда АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Сирияның химиялық қаруын халықаралық бақылауға өткізу туралы келісім жасаған еді. Ол бойынша 2014 жылдың ортасына қарай Сириядағы химиялық қару жойылуы тиіс немесе елден сыртқа шығарылуы керек.

БҰҰ сарапшылары Сирияда 21 тамызда «арасында балалар да бар бейбіт тұрғындарға» қарсы химиялық қару қолданылған деген қорытынды жасаған еді. Ол шабуылдан жүздеген бейбіт тұрғын қаза болған.
XS
SM
MD
LG