Accessibility links

«Бензин тапшылығы» туралы болжам көбейді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Сарапшылар Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттары ішкі сұранысты қанағаттандыра алмай отыр деп санайды. Мұнай мен газ министрі жаппай дефицит жоқ екенін айтады.

Тамыз айынан бері бірқатар қазақстандық БАҚ елде бензин тапшылығы болатыны туралы әртүрлі болжамдар жариялай бастады. Астаналық жүргізуші Руслан Еламан мұндай жорамалдарға сенер-сенбесін білмейді.

– Өткен аптада кей бекеттерде тапшылық сезілді. Қатарынан үш-төртеуіне кіріп, АИ-92 бензинін алатын жерді әрең таптым. Себебін сұраған едім жанар-жағармай бекетінің қызметкерлері «бензин қымбаттайды» деді, – дейді ол Азаттық тілшісіне.

РЕАЛИЗАТОРЛАРДЫҢ ШАҒЫМЫ

Қазақстанның өңірлеріндегі жағдайды білу үшін Азаттық тілшісі аймақтағы бекеттер мен жүргізушілерге хабарласып көрген еді. Астана қаласындағы «Гелиосқа» қарасты жанар-жағармай бекетінің операторы қыркүйектің 23-і күні Азаттық тілшісіне «кейбір станцияларда бензиннің жоқтығына байланысты көптеген жүргізушілер осы бекетке келіп жатқанын» айтты. Бірақ басқа бекеттер
Жанармай құю бекетінің маңы. Көрнекі сурет. Алматы, 26 маусым 2012 жыл.
Жанармай құю бекетінің маңы. Көрнекі сурет. Алматы, 26 маусым 2012 жыл.
жанар-жағармайдың жеткілікті екенін мәлімдеді. Қазақстанның бірнеше аймақтарындағы Азаттық тілшісі сөйлескен жүргізушілер әзірше бензин алуда ешқандай қиындыққа кезікпеген.

Өткен аптаның соңында Қазақстанның отын қауымдастығы Астанада кейбір бензин түрлеріне (АИ-92 мен дизель отыны) тапшылық сезіліп отырғанын мәлімдеп, мұнай өңдейтін зауыттардың біріндегі жөндеу жұмыстарына байланысты «қазан айында жағдай ушығып кетеді» деп ескерткен болатын.

Қауымдастықтың мәлімдеуінше, қазір елде шығарылған жанар-жағармайдың негізгі бөлігі ауыл шаруашылығы мен теміржол тасымалдаушыларға жұмсалып отыр. Ал бөлшек сауда орындарына жеткізетін реализаторлар жанар-жағармайды тиісті мөлшерде ала алмай отыр.

«Қауымдастықтың көптеген мүшелері тауар ала алмай отырғандықтан дизель
Жанармай құю бекеті. Атырау облысы. (Көрнекі сурет)
Жанармай құю бекеті. Атырау облысы. (Көрнекі сурет)
отынының қоры аз қалды. Жақында ахуал одан да нашарлайды, себебі қазан айында Шымкенттегі «ПетроКазахстан Ойл Продактс» мұнай өңдеу зауыты жөндеуге жабылады» деп жазылған мәлімдемеде.

Мұнай нарығы туралы жазатын Oilnews.kz порталының бас редакторы Сергей Смирнов отын қауымдастығына сілтеме жасай отырып жанар-жағармай тасымалдап сатушы реализаторлардың күн сайын бензин қорының азайып бара жатқанына алаңдап отырғанын айтады. Олар соңғы үш айда тиісті мөлшерде жанармай ала алмаған. Сарапшы елдегі мұнай өңдейтін зауыттар бензин нарығындағы сұранысты толығымен қамтамасыз ете алмай отыр деп ойлайды.

РЕСЕЙЛІК МҰНАЙ ӨНІМІНЕ ДЕГЕН МҰҚТАЖДЫҚ

Қазақстанның отын қауымдастығы жанар-жағармай нарығындағы жағдайды ушықтырмас үшін Қазақстан үкіметін Ресейден келетін мұнай өнімдерін шектемеуге, Павлодардағы мұнай өңдеу зауытынан бөлшек сауда иелеріне тиісті мөлшерде мұнай өнімдерін бөлгізуге шақырады.

Бұған дейін Қазақстанның мұнай және газ министрлігі Ресейден келетін мұнай өнімдерін шектеу туралы қаулының күшін жылдың аяғына дейін ұзартқан болатын. Министрліктің түсіндіруінше, мұндай шектеу отандық өнімді қорғау
Жанармай құю бекеті. Алматы, 2 шілде 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Жанармай құю бекеті. Алматы, 2 шілде 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
мақсатында және шикі мұнайды тиімді бағада сату үшін керек.
Әйткенмен кейбір сарапшылар үкімет ешқандай шара қабылдамаса, бензин тапшылығы тек солтүстік өңір ғана емес, барлық өңірде сезілуі мүмкін деп болжайды.

– Жетпеген бензинді Ресей импортымен толтыра алмайсың, өйткені министрлік ресейлік бензиннің импорт көлемін шектейтін қаулы қабылдаған. Жыл басында Ресейден келмеген бензин көлемін Қытайдан келетін толлингтік бензинмен (Қытайдың Қазақстан жіберген шикізаттан өңдеп берген дайын өнімімен - ред.) толтырамыз деген үміт болған еді. Бірақ биыл келуі тиіс 1,5 миллион тонна мұнай келген жоқ, – дейді Сергей Смирнов Азаттық тілшісіне.

Жергілікті мұнай нарығының сарапшылары да Сергей Смирновтың қаупін айтады. Олар Қазақстандағы мұнай өңдеуші зауыттар қазіргі заманға сай жабдықталып, өндіріс көлемін ұлғайтқанша елдегі бензин тапшылығы мәселесін тек бағасы қымбатырақ болса да Ресей бензинімен толтыра тұруға тура келеді деген пікірде.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, Қазақстан үкіметі Ресейден келетін мұнай өнімдерін шектеп, оның есесіне Қытай арқылы толлингтік жолмен бензин алдыру туралы жоспар құрған. Алайда мұнай және газ министрлігінен толлингтік операция туралы анық ақпарат алу мүмкін болмады.

ҚазТАГ агенттігінің хабарлауынша, мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин қыркүйектің 24-і күні «Қазақстанда жанар-жағармай тапшылығы жоқ» деп мәлімдеген.

«Әзірге жанар-жағармай тапшы емес. Зауыттар жұмыс істеп жатыр. Жеткізіліп жатыр. Әрине, нарық өзгеріп тұрады. Бірақ жаппай дефицит жоқ» деді министр
"ҚазМұнайГаз" кәсіпорындарының бірі. (Көрнекі сурет)
"ҚазМұнайГаз" кәсіпорындарының бірі. (Көрнекі сурет)
Қазақстан-Қытай мұнай құбырын қолдануға қатысты әріптестік мәселелеріне арналған Астанада өткен сенат отырысында.

Қазақстанда бензин тапшылығы мәселесі бұған дейін де бірнеше рет көтерілген еді. Сарапшы Сергей Смирнов «бұл мәселені жүйелі түрде шешуге биліктің ниеті жоқ» деп санайды. Оның сөзінше, елде әлі күнге дейін Қазақстанның отын нарығында сұраныс пен ұсыныс көлемі дұрыс қадағаланып есептелінбейді, ал мұнай өңдейтін зауыттар өндірілген өнім көлемін ашық айтпайды.

Азаттық тілшісінің Қазақстандағы мұнай өңдеуші үш зауытқа хабарласу әрекеті нәтижесіз аяқталды. Зауыттардың ресми сайтында олардың қазіргі заманға сай жабдықталғаны, уақыт өткен сайын сапалырақ жанар май шығаруға талпынып жатқаны жазылған. Ресми ақпарат бойынша, Атырау мұнай өңдеу зауыты мен Павлодар мұнай-химия зауыты жылына әрқайсысы 5 миллион тонна, ал «ПетроКазахстан Ойл Продактс» 2,5 миллион тонна мұнай өңдейді.

Ресми дерек бойынша, 2013 жылы Қазақстанда мұнай өңдеу көлемі 14 пайызға азайған. 2012 жылы Қазақстан Ресейден 1,3 миллион тонна мұнай өнімін импорттаған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG