Accessibility links

АҚШ қару саудасын реттеу келісіміне қол қойды


АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри (сол жақта) БҰҰ-ның қару саудасы келісіміне қол қойып отыр. Нью-Йорк, 25 қыркүйек 2013 жыл
АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри (сол жақта) БҰҰ-ның қару саудасы келісіміне қол қойып отыр. Нью-Йорк, 25 қыркүйек 2013 жыл
АҚШ БҰҰ-ның халықаралық қару-жарақ саудасын реттеу туралы келісіміне қосылды. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джон Керри келісімге 25 қыркүйекте БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде қол қойды.

- Келісім қару-жарақтың террористер мен өзге де теріс ниетті адамдардың қолына түсуінен сақтайды. Бұл әлемде ең ауыр қылмыстар жасауға жол ашатын халықаралық қару-жарақ тасымалын азайтуға мүмкіндік береді. Келісім халықаралық тұрақтылық пен әлемдік қауіпсіздікті нығайтуға әсер етеді, - деді ол.

Джон Керри "келісім ешкімнің еркіндігін шектемейтінін, керісінше мемлекет пен жекелеген адамдардың қару-жарақты заңды түрде иеленіп, қолдануына құқық беретінін" айтады.

Дүние жүзіндегі қару-жарақ саудасының жыл сайынғы айналымы 70 миллиард АҚШ долларына жуықтайды. АҚШ-тың бұл келісімге қосылуы қару саудасын реттеуге септігін тигізуі мүмкін.

Amnesty International ұйымының бас хатшысы Салил Шетти АҚШ-тың бұл келісімге қосылуын "зорлық-зомбылықты көбейтетін қару-жарақ тасымалына шектеу қоюға жасалған қадам" деп атады.

Джон Керри қол қойған келісімді енді АҚШ конгресі ратификациялауы тиіс.

Биыл сәуірде БҰҰ Бас ассамблеясы қабылдаған келісімге 89 мемлекет қол қойып, оның бесеуі ғана халықаралық келісімді бекітті. Келісім күшіне енуі үшін оны кемі 50 мемлекет ратификациялауы керек.
XS
SM
MD
LG