Accessibility links

Қашағаннан мұнай өндіру бірнеше күнге тоқтатылды


Қашағандағы жасанды арал. 7 сәуір 2013 жыл
Қашағандағы жасанды арал. 7 сәуір 2013 жыл
"Каспийдің Қазақстанға тиесілі бөлігіндегі Қашаған кенішінен мұнай өндіру апатқа байланысты бірнеше күнге шегерілді" деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Болатбек Омаров "Қазір апат себептерін анықтайтын комиссия құрылып, газ шыққан жерді жөндеу үшін құбырлар дайындау жұмыстары жүріп жатыр. Әзірге барлық скважиналар жабық. Апат салдарын жойып, магистралды құбырды іске қосу үшін кем дегенде үш-төрт күн қажет" дейді.

24 қыркүйекте Қашағандағы "Болашақ" кешенінде төтенше жағдай болған еді. Теңіздегі жасанды "Д" аралынан зауытқа баратын газдың сыртқа шығып жатқаны анықталған. "Д" аралындағы барлық скважиналардан мұнай өндіру уақытша тоқтатылған.

Қашаған кен орнын барлаған мұнай компаниялары мұндағы мұнай қоры 35 миллиард баррельге жуық деп бағалаған. Олар кенішті іске қосу жұмыстарына 13 жылда 48 миллиард доллар жұмсаған. Қашағаннан мұнай өндіруді бастау ісі бұдан бұрын бірнеше рет кейінге қалдырылған еді. Қашаған кен орнында North Caspian Operating Company B.V. консорциумы алғашқы мұнайды биыл 11 қыркүйекте өндіре бастаған.

Қашаған жобасында қазақстандық "Қазмұнайгаз", италиялық Agip, америкалық ExxonMobil, ағылшын-голландиялық Shell, франциялық Total (әрқайсысының үлесі - 16,81 пайыз), жапониялық U.S. Inpex North Caspian Sea (7,56 пайыз) компанияларының да үлесі бар. Қашағандағы ConocoPhillips-тің 8,4 пайыз акциясын жуықта Қытайдың China National Petroleum Corporations (CNPC) компаниясы алды.
XS
SM
MD
LG