Accessibility links

Министр: Қашаған апаты мұнай өндіруге әсер етпейді


Қашағандағы жасанды арал. 7 сәуір 2013 жыл

Қашағандағы жасанды арал. 7 сәуір 2013 жыл

Каспийдегі Қашаған мұнай кенішіндегі газ құбырында болған апат бұл кеніштен коммерциялық мақсатта мұнай өндіруге әсер етпейді деді Қазақстанның мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин.

"Зауыттың, скважиналардың қуатын тексердік. Олар коммерциялық мақсатта қажетті мұнай өндіре алады" деді Ұзақбай Қарабалин. Министрдің сөзінше, қазан айында коммерциялық мақсатта 75 мың баррель мұнай өндіретін деңгейге жетуге болады.

24 қыркүйекте Қашағандағы "Болашақ" кешенінде төтенше жағдай болған еді. Теңіздегі жасанды "Д" аралынан зауытқа баратын газдың сыртқа шығып жатқаны анықталып, ондағы барлық скважиналардан мұнай өндіру уақытша тоқтатылған.

Бұған дейін Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Болатбек Омаров құбырды іске қосуға үш-төрт күн қажет екенін айтқан еді.

Қашаған кен орнын барлаған мұнай компаниялары мұндағы мұнай қоры 35 миллиард баррельге жуық деп бағалаған. Олар кенішті іске қосу жұмыстарына 13 жылда 48 миллиард доллар жұмсаған. Қашағаннан мұнай өндіруді бастау ісі бұдан бұрын бірнеше рет кейінге қалдырылған еді. Қашаған кен орнында North Caspian Operating Company B.V. консорциумы алғашқы мұнайды биыл 11 қыркүйекте өндіре бастаған.

Қашаған жобасында қазақстандық "Қазмұнайгаз", италиялық Agip, америкалық ExxonMobil, ағылшын-голландиялық Shell, франциялық Total (әрқайсысының үлесі - 16,81 пайыз), жапониялық U.S. Inpex North Caspian Sea (7,56 пайыз) компанияларының да үлесі бар. Қашағандағы ConocoPhillips-тің 8,4 пайыз акциясын жуықта Қытайдың China National Petroleum Corporations (CNPC) компаниясы алды.
XS
SM
MD
LG