Accessibility links

Пәкістанда зілзала құрбандары 500-ден асты


Жер сілкінісінен зардап шеккен адамдар ауруханада жатыр. Пәкістан, Белуджистан провинциясы, 25 қыркүйек 2013 жыл.

Жер сілкінісінен зардап шеккен адамдар ауруханада жатыр. Пәкістан, Белуджистан провинциясы, 25 қыркүйек 2013 жыл.

Пәкістанның оңтүстік-батысындағы жер сілкінісінен қаза тапқан адамдар саны 515-ке жетті. Белуджистан провинциясындағы құтқару жұмыстарына көтерілісшілер шабуылы кедергі келтіріп жатыр.

Белуджистан провинциясының шенеунігі Бабар Якуб жер сілкінісінің эпицентрі болған Аваран ауданына барып келген соң, қаза тапқан адамдар саны 515-ке жеткенін растады. Бұл ауданда жер тербелісі 8 балға (7,7) жуықтаған.

Аваран және оған жапсарлас жатқан Хуздар, Харан, Гвадара, Панджгур және т.б. аудандар - этникалық белуджи сепаратистері шоғырланған аймақ. Олар апат болған жерлерге жұма күні келген екі тікұшақты атқылаған. Сепаратистер мұның алдында, сейсенбі күні, жер сілкінген аудандарға келген Пәкістанның табиғи апаттар зардабын жою ұлттық агенттігінің генералы мінген тікұшақты да атқылаған еді.

Белуджи көтерілісшілері Пәкістаннан тәуелсіздік алуды мақсат тұтады. Олар Исламабадты "Белуджистанның минералды және көмірсутегі ресурстарын көп мөлшерде тонап келеді" деп айыптайды. Сепаратистер Пәкістан билігін "елдегі адам құқықтарын бұзып отыр" деп те сынайды.
XS
SM
MD
LG